5 наурыз күні облыс орталығындағы «Көкшетау» мәдениет сарайында 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты жиналыс болып өтті. Гүл көрмесі ұйымдастырылып, аса бір шуақты жағдайда өткізілген жиналыста облыс әкімі Сергей Дьяченко құттықтау сөз сөйледі.
Әйел бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді дейді дана халық. Өмірге ұрпақ әкеліп, тіршілікке тірек болған ардақты ана мен асыл жарға, аяулы қарындасқа бір құрметпен қараймыз. Еліміз бен облысымызда ер-азаматтармен иық түйістіре, бірге еңбек етіп жүрген сіздерге зор алғысымды айтамын. Әйгілі Ақмола, Көкше өңірлері ежелден аналардың ақыл-парасаты мен даналығынан, сөз бастар шешендігі мен қол бастар батырлығынан кенде болмаған. Осы жарқын үрдіс бүгін де жалғасып келеді,-деді өз сөзінде облыс әкімі.
Жиналыста әр түрлі аталымдар бойынша бір топ әйелдерге алғыс хаттары тапсырылып, басқа да сый-сияпаттар жасалды. Салтанатты жиналыс соңы мерекелік концертке ұласты.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі «Арқа Ажары» газетінің ақпаратынан