Бұрнағы күні облыс әкімі Сергей Дьяченконың қатысуымен еліміздің солтүстік өңірлеріне, соның ішінде Ақмола облысына табиғи газ құбырын тарту бағдарламасы жобасының тұсау кесер рәсімі болып өтті.Қазақстан Репсубликасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасымен «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы қазіргі уақытта Қазақстанның солтүстік өңірлерін, атап айтқанда, Ақмола және Қарағанды облыстары мен Астана қаласын табиғи газбен жабдықтау жобасын жасауға кіріскелі отыр. Осыған байланысты «ҚазМұнайГаз» ҰҚ» акционерлік қоғамының директорлар кеңесі аталған жобаны іске асыру мақсатында «АстанаГазКМГ» компаниясын құру туралы шешім қабылдады. Компания өз кезегінде «Батыс-Солтүстік-Орталық» магистральдық газ құбырының құрылысын жүргізудің техникалық-экономикалық негіздемесін дайындау жөніндегі жұмыстарды сатып алу үшін «Қазақстан мұнай және газ институты» акционерлік қоғамымен келісім-шартқа отырды.Ақмола облысындағы болашақ осы жұмыстардың тұсау кесер рәсімін «АстанаГазКМГ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Абай Садықов өткізді. Оның мәлімдеуінше, Рудный қаласынан Астана қаласына дейін тартылатын газ құбырының ұзындығы тұтастай алғанда 1450 шақырым болады,соның ішінде бұл құбырдың 441 шақырымы біздің облыстың аумағымен өтеді. Алдын ала есеп бойынша газдың жылдық тұтыну қоры 869065 мың текше метрді құрмақшы.Магистральдық газ құбырын тарту барысында 10 шақырым қашықтыққа дейінгі 60 елді мекен, 20 шақырым қашықтыққа дейінгі 90 ауыл-село, қала мен кент табиғи газбен қамтамасыз етілетін болады. Ең алдымен, көптен күткен табиғи газ Көкшетау қаласы мен Щучинск-Бурабай курорты аймағына беріледі деп күтілуде.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі