Өңдеуші өнеркәсіп саласы тау-кен саласына қарағанда жылдам өсіп келеді.
Бұл туралы Астанада болған «Қазақстан Республикасының өнеркәсібін жаңғырту» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияда Премьер-Министрдің орынбасары-Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев айтты.
«Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы осымен екінші жыл іске асырылып келеді. Атап айтқанда, бағдарламаның бірінші жылы табысты болды, яғни өнеркәсіптік деңгей өсіп келеді. Өңдеуші өнеркәсіп саласы алғаш рет тау-кен саласына қарағанда жылдам дамуда»,-деді Үкімет басшысының орынбасары.
Оның сөзіне қарағанда, индустрияландыру бағдарламасы аясында бизнесті қолдаудың 100-ден астам тетігі қарастырылған.
Сонымен қатар Ә. Исекешев Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі мен «Атамекен» Одағы» ҰЭП-мен бірлесе еліміздің өнеркәсіптік кәсіпорындарының аудитін жүргізгенін айтып өтті. Мұнымен қоса Қаржы министрлігі 50-ден астам Қазақстанның ірі кәсіпорындарының аудитін зерделеп шыққан. «Осы аудиттің нәтижесі бойынша біз қолдау көрсетудің шараларын қарастырдық»,-деді министр.
Аталған конференция барысында шетелдік мамандарға «Өнімділік-2020» бағдарламасы таныстырылды. Бұл бағдарлама аясында кәсіпорындарға бизнес-модельдерді жетілдіруде, маркетингтік өткізілетін технологияларды жақсартуда нақты қаржылық және техникалық қолдау көрсетілетін болады. Таратылған мәліметтерге қарағанда, 2020 жылға дейінгі кезеңде орта буындағы екі мыңнан астам менеджер мен мамандар өз біліктіліктерін арттырады. Бағдарламаны іске асырудағы ілкі жобадағы бірінші жылда мемлекеттік бюджеттен 19,9 млрд. теңге бөлінді.
ҚазАқпарат