Облыс әкімі Сергей Дьяченконың төрағалығымен өткізілген кезекті аппарат кеңесінде азық-түлік өнімдерінің бағасы, Наурыз мейрамына әзірлік шаралары және сайлау комиссияларының шығып қалған депутаттарының орнына 2011 жылдың 27 наурызына белгіленген мәслихат депутаттарының сайлауына және 2011 жылдың 3 сәуірінде өтетін Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына дайындығы туралы мәселелер қаралды.
Аппарат кеңесінде облыс әкімі С.А.Дьяченко алдымен жиналғандарға жаңадан тағайындалған Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ақмола облысы бойынша департаментінің бастығы Қосбасар Болатбекұлы Нұрбеков пен Ақмола облыстық еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бастығы Бақыт Амангелдықызы Есімованы таныстырды.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Марат Қойшыбаев есеп берді.
Алдымызда келе жатқан ұлық мереке-Наурыз мейрамы биыл облысымызда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы аясында тойланбақшы. Жалпы, осы кезеңде облыс бойынша 150-ге тарта әртүрлі іс-шаралар өткізілетін болады. Облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Гүлжанар Шөкеева бұлардың басты-бастылары жөнінде тоқталып өтті. Облыс әкімі Сергей Дьяченко осы маңызды мәселені қорытындылай келе, Наурыз бүкіл халықтық мереке екендігін, соған орай, осы күні тігілетін киіз үйлердің есігі жұрттың бәріне ашық болуы керектігін қатаң тапсырды.
Бұдан кейін қаралған мәселе де өзінің маңыздылығы жағынан бүгінгі қоғамдық – саяси өмірімізде үлкен орын алады. Көкшетау қаласында және кейбір аудандарда кетіп қалған депутаттардың орнына қалалық және аудандық мәслихаттарға 27 наурызға белгіленген сайлауға және 3 сәуір күні өтетін Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына әзірлік барысы күннен-күнге қыза түсуде. Осы жөнінде хабарлама жасаған облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Әділхан Шаяхметов облысты 848 комиссия құрылғандығын, қазіргі уақытта осы комиссия мүшелерімен сайлауды ұйымшылдықпен жоғары деңгейде өткізу жөнінде семинарлар ұйымдастырылып жатқандығын тілге тиек етті. Еліміз үлкен оқиғаның қарсаңында тұрған осы күндері әр адам өзіне жүктелер жауапкершілікті барынша сезініп, жоғары сана-сезіммен сайлау учаскелеріне келіп, ертеңгі келешегіміз үшін дауыс беруі керек.
Аппарат кеңесін қорытындылаған облыс әкімі Сергей Дьяченко қаралған мәселелер бойынша тиісті орындарға тапсырмалар беріп, олардың орындалуы қатаң сұралатынын ескертті.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі