Облыс әкімі Сергей Дьяченко Бурабай ауданына жұмыс бабындағы сапары кезінде аудан орталығы Щучинск қаласында бір топ соғыс және еңбек ардагерлеріне, көп балалы отбасылары мен жас мамандарға жаңа пәтерлердің кілтін тапсырды, баспаналы болған тұрғындарды шын жүректен осы қуаныштарымен құттықтап, жаңа қоныстарының игілігін көрулеріне тілектестігін білдірді. Бұл күні облыс әкімінің қолынан пайдалануға берілген екі жаңа үйден барлығы 10 адам жаңа пәтерлердің кілтін алды. Тұрғындардың көптен күткен осы қуанышын бірге бөліскен облыс әкімі Сергей Дьяченко соғыс және еңбек ардагерлеріне, көп балалы аналарға, еңбек жолын бертін бастаған дәрігерлер мен мұғалімдерге, тағы басқа да әлеуметтік сала қызметкерлеріне салтанатты жағдайда осы пәтерлердің кілтін тапсырып тұрып, халықты мүмкіндігінше тұрмысқа қолайлы жаңа пәтерлермен қамтамасыз ету, сөйтіп елдің қалыпты өмір сүруіне барлық жағдайды жасау Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты биылғы Жолдауын іске асырудың нақты бір көрінісі екендігін баса атап көрсетті. Өңір басшысы бұдан кейін қоныс иелерінің жаңа пәтерлерін аралап көріп, оларды тағы бір осы қуаныштарымен құттықтады. Жаңа баспананың кеңдігі, әрлендіру жұмыстарының да талапқа сай сапалы жүргізілгендігі облыс әкімінің көңілінен шықты. Сол үшін осы үйлерді салған құрылысшыларға алғыс сезімін білдірген Сергей Дьяченко өз сөзінде халыққа деген мұндай қамқорлық алдағы уақытта да жергілікті басшы орындардың басты назарында болатындығын жеткізді. Облыстың көптеген тұрғындары баспаналы болған бір мемлекеттік «Тұрғын үй» бағдарламасы аяқталғанымен, қазір Үкіметте жаңадан осындай келесі бағдарлама қолға алыну үстінде,-деді облыс әкімі. Сондықтан алдағы уақытта да өңірімізде жаңа пәтерлерге қоныстанушылар қатары көбеймесе, азаймайды. Мұнымен бірге, өздерінің қалауы бойынша жеке үй салушыларға да жер телімін бөлу мәселесі күнделікті назарда. Мұның бәрі мемлекетіміздің, Елбасының халық қамын ойлауының тек бір ғана көрінісі.Жаңа үйге қоныстанушылар уақыт тауып, өздеріне жаңа пәтерлердің кілтін тапсырғаны үшін өз тараптарынан облыс әкіміне алғыс сезімдерін білдірді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі