Өткен жұма және сенбі күндері облыс әкімі Сергей Дьяченко кезекті жұмыс сапарымен Бурабай, Еңбекшілдер, Ақкөл аудандарында және Степногорск қаласында болып, бірқатар өндіріс орындары мен әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты, тұрғын үй құрылысына, елді мекендерді абаттандыру мәселелері мен азық-түлік өнімдерінің бағасына назар аударып, бүгінгі күннің басты міндеттерін белгіледі. Бурабай ауданында облыс әкімі алдымен, «Нұртау» шаңғы базасын аралап көрді. Демалыс және мереке күндері бұл шаңғы базасына Астана, Петропавл және Көкшетау қалаларынан тұрғындар келіп, демалады. Ресей Федерациясынан ат басын тіреушілер де аз емес. Щучинск қаласында С.А.Дьяченко «Гранд» сауда-сауық орталығында болды. Бұл орталық Наурыз мейрамының алдында пайдалануға берілген болатын. Нысанның иесі, жеке кәсіпкер Леонид Зелинскийдің айтуы бойынша мұнда қол жетімді бағаға қажетті заттарыңды сатып алумен қатар, бүкіл отбасымен тынығуға да болады. Облыс басшысы республикадағы бу қазандықтарын шығаратын жалғыз кәсіпорын Щучинск бу-механикалық заводының бүгінгі жағдайымен де танысты. Енбекшілдер ауданында облыс әкімі Сергей Дьяченко Үлгі ауылының бүгінгі тыныс деңгейіне зер салды, елді мекеннің тұрғындарымен әңгіме барысында клуб, кітапхана, шаштараз жұмыс істейтіндігі, ал, орта мектепте шағын орталық ашылғандығы белгілі болды. Ауылының өз скважинасы бар. Сондықтан, ауыз су жөнінен ешқандай қиындық жоқ. Степногорск қаласында өткен жылы пайдалануға берілген 280 орындық бала бақшасында болған С.А.Дьяченко мектеп жасына дейінгі мекемесінің содан бергі тыныс-тіршілігіне назар аударды. Қалалық достық және шығармашылық үйінде мемлекеттік тілді оқып-үйренетін орталықтың жұмысымен танысып, жергілікті базарда болды. Голланд раушан гүлі мен көкініс өсірілетін екі жылы жайда осы өңір үшін жаңа істің бүгінгі жай-күйін сұрастырып білді. Қызыл және ақ раушан гүлдерін өсірумен степногорлықтар екінші жыл айналысуда. Мәселен, былтыр бес миллионнан астам осындай гүлдер өсіріліп, сатылды. Бұл өнімдер еліміздің барлық өңірлеріне жөнелтіледі. Жылына 1,8 мың тонна көкөніс өндіруге тиісті жылыжай сәуір айында іске қосылмақшы. Ақкөл ауданында «СК Фуд» серіктестігінің көп салалы мал шаруашылығы кешенінде болды. Облыс әкімінің баспасөз қызметі