Өткен жұмада облыс әкімі Сергей Дьяченко Көкшетау қалалық ауруханасында және Бірлік шағын ауданында болып, халықтың денсаулығын қорғау жолында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты, облыс орталығындағы шешімін күткен кейбір әлеуметтік мәселелерге назар аударып, тұрғындар жағдайын жақсарта түсудің мүмкіндіктерін қарастырды.Қалалық аурухананың материалдық-техникалық жағдайына назар аударған облыс әкімі науқастарды емдеу, оларды қажетті дәрі-дәрмекпен тамақпен қаматамасыз ету мәселелеріне де көңіл бөліп, осы орайда, осында емделіп жатқан адамдардың пікірлеріне де құлақ түрді. Ауруханада науқастарға сапалы медициналық қызмет көрсетуге барлық қажетті жағдай жасалған. Осыған толық көз жеткізу үшін негізгі үш бөлмені түгелдей аралап шыққан С.А.Дьяченко алдымен, таяуда ғана Көкшетау қалалық мәслихатының депутаты болып сайланған аурухананың бас дәрігері Серік Кәкеновты осы жеңісімен құттықтауды да ұмытпады. Көкшетау қаласының шетіндегі бірлік шағын ауданының іргетасы сонау Кеңес заманында қаланып, бертін ауылдардан келіп жеке үй салушылардың есесінен одан сайын ұлғая бастады. Соңғы жылдары бой көтерген екі қабатты сәулетті коттедждер шағын ауданды көріктендіре түскен. Облыс басшысына елді мекеннің әкімі Ғалел Бескемпіров бүгінгі жағдайды жан-жақты баяндап берді. Көше жолдарының жартысына жуығы салынып, жол қатынасы біршама жақсарған. Бұл жұмыс биыл да жалғасын таппақшы. Тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету жайы да біршама дұрыс шешімін тауып отыр. Сонымен бірге, жоспарланған басқа да істер аз емес. Ең алдымен, көшені жарықтандыру, көше жолдарын салу істері қолға алынбақшы. Бұл үшін арнайы қаржы бөлінген. Яғни, мұның бәрі таяу болашақта жүзеге асатын шаруалар. Дегенмен де, шағын ауданда шешімін күткен түйткілді мәселелер жоқ емес. Сондай-ақ, монша, бала-бақша, медпункт те керек.Облыс басшысы С.А.Дьяченко осында орналасқан жол жөңдеумен айналысатын «Механизатор» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болып, атқарылып жатқан жұмыстардың жайымен танысты. Облыс басшысы тұрғындарға сауда қызметін көрсететін дүкенге де кіріп көрді. Облыс әкімі Сергей Дьяченко бұдан кейін «Механизатор» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кеңсесінде орналасқан №58 сайлау учаскесінде болып, алдағы сайлауға дайындық барысын пысықтады. Облыс әкімі бұдан кейін Көкшетаудың іргесіндегі Чайкино селосындағы №15 орта мектептің ғимаратында орналасқан №57 саулау учаскесінде болды.Облыс басшысы алдағы сайлауға халықтың толықтай қатысуын қамтамасыз етіп, азаматтардың өздерінің конституциялық құқықтарын толық пайдалануын жүзеге асыруға бар мүмкіндікті қарасытруды тапсырды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі