Кеше облыс орталығы Көкшетау қаласындағы Тәуелсіздік алаңында 3 сәуірде өткен Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың көпшілік дауыспен тамаша жеңіске жетуіне байланысты Ұлт көшбасшысының осы табысына қызу қолдау білдірген жеңіскерлер форумы болып өтті. Осынау саяси мән-мағынасы зор іс-шараны облыс әкімі Сергей Дьяченко құттықтау сөзбен ашты. Ғасырлар тоғысында тәуелсіздік алған еліміз дамудың жаңа дәуіріне қадам басты,-деді Сергей Дьяченко өз сөзінде. Қиядан шауып, қисынын тауып, жол бастаған Елбасының жетістіктері мен жеңістіктеріне тоқталды. Н.Назарбаевтың мемлекетігіміздің алғашқы сәтінен бастап халқына берген антын қалтқысыз орындап, елдің тыныштығы мен бірлігін сақтап, әл-ауқатын жақсартуға, мемлкетіміздің әлемдік кеңістікте лайықты орын алуы жолында біліктілігімен, білімділігімен аянбай тер төгіп келе жатқандығын баса айтты. Тарих үшін қысқа уақытта Есілдің жағасына асқақ Астана тұрғызып, айбынды Ақорда қондырды. Батыс пен Шығысты жалғаған Ұлы даламыз өркениеттер арасындағы алтын көпірге айналды. Былтыр Қазақ елі Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына табысты төрағалық етіп, алқалы жиын өткізді. Осылайша буыны бекіп, бұғанасы қатайған Қазақстан маңызды халықаралық шешімдер қабылданатын әлемдегі ықпалды орталыққа айналды»,-деген өңір басшысы осының бәрі Н.Назарбаевтың ерен еңбегінің, қажырлы қайратының нақты жемісі және стратегиялық пайымдауының айқын көрінісі екендігін айта келе, өзінің және барша ниеті бір, тілегі ортақ қауымның атынан Елбасына құттықтауын жеткізді. Бұдан соң Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Нұрсұлтан Назарбаевтың Ақмола облыстық сайлау алды қоғамдық штабының төрағасы, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Жабал Ерғалиев ортаға шығып: - Елбасына халықтың ыстық ықыласы, биік бағасы қашанда жоғары. Көпшіліктің көкейіндегі осы бір риясыз көңілді алғыс ниетпен қабылдай отырып, Тәуелсіздік таңында таңдаған демократияның айқын айнасын, жемісті жалғасын көрсетер үлкен істің үдесінен көрінді. Ендігі жерде Ел таңдаған Президентіміздің тағы да жауапкершілігі өз мойнына алып, елдің, мемлекеттің мүддесін алға қойып, қазақ деген халықтың абыройын асқақтата береріне сенімдіміз. Біздің бүкілхалықтық Көшбасшымыз Нұрсұлтан Назарбаев өз Отанына адал болу мен аянбай еңбек етудің жарқын үлгісі болып табылады!- деп отаншыл, екпінді сөздерімен жұртшылықтың рухын көтерді. Форум барысында сөз алған облыстық ардегерлер кеңесінің төрағасы Чапай Әбутәліпов елімздің қалыптасып-дамуы жолындағы Елбасымыздың ұшан-теңіз еңбегін ешкім жоққа шығара алмайтынын атап өтті. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Ассамблеясының мүшесі, Ақмола облысындағы «Видегебурт» қоғамдық ұйымының төрағасы Светлана Корнеева: - Біз бейбіт өмірдің, қазіргі Қазақстандағы бейбітшілік пен тұрақтылықтың қадір-қасиетін жақсы түсінеміз. Тағдырлы сәтте таңдау таразысында қателеспеу-бізге серт! Сондықтан осы ұсыныс залда отырғандардың да, барша қазақстандықтардың да қызу қолдауына ие болды. Біз кемел келешекке Елбасымен бірге барамыз!-деп өз ойын жеткізді. Ал, Ш. Уәлиханов атындағы мемлекеттік университетінің студенті Досбол Сағындықов өз сөзінде:-Бүгін Қазақстан шын мәнінде, әлемдік оқиғилардың орталығына айналып отыр. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммиті, Азиада-бұлардың барлығы әлемдегі айтулы оқиғалар және олардың барлығы өзге елде емес, Қазақстанда өтті. Бұл біздің бүкілхалықтық жеңісіміз! Еліміз кешенді реформалардан, түбегейлі өзгерістерден өтті. Адамның, қоғамның санасы өзгерді. Тәуелсіздікті құрметтеу, қастерлеу, қорғау борышы, парызы екенін қоғам түсінді. Әрине, халқымыздың Елбасымен бірге жеткен жетістігі мұнымен таусылмаса керек. Бүгінгі Қазақстанның келбеті, жаңа дәуірі, жарқыраған Астанасы, қайта түлеген облыс орталықтары, сайрап жатқан жолдары, өскен өркені, тәуелсіздік жемісі-Елбасының еңбегі!-деді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі