Ағымдағы жылдың 5 сәуір күні, облыс әкімі Сергей Дьяченконың төрағалығымен өткізілген кеңесте Көкшетау қаласында тұрғын үй құрылысын жүргізу, көше жолдарын жөндеу, коммуналдық шаруашылық саласын жетілдіру және қаланы абаттандыру мәселелері талқыланып, алда тұрған осы маңызды міндеттерді еңсере түсу үшін көктем мен жаздың әрбір ашық күнін тиімді пайдаланып, бар күш-мүмкіндікті діттеген межеге жұмылдыра білудің жай-жапсары сөз болды. Құрылыс, жол жөңдеу және коммуналдық сала мекемелері басшылары қатысқан кеңесті ашқан облыс әкімі астаналық облыстың орталығы болып отырған Көкшетау қаласының сәулеті мен көркі осы мәртебеге лайықты болуы тиіс екендігін, осыған орай қаланы абаттандыру, көріктендіру бағытында көп шаруалар атқарылуы қажеттігін атап өтті. Облыстық құрылыс басқармасының бастығы Борис Косачев облыс орталығынан таяу болашақта салынатын Достық үйі, яхт-клуб, теннис орталығы сияқты Көкшетауға көрік беріп қана қоймай, қала тұрғындарының бос уақыттарын қызықты өткізулеріне жағдай туғызатын нысандардың құрылысына қатысты мәселелерді баяндады. Көкшетауда әлі күнге дейін теннис орталығының болмағандығын ескерсек, хорватиялық компания салатын қазіргі заман талаптарына сай мұндай орталықтың бой көтеруі қала тұрғындары үшін қаншалықты маңызды екендігін бағамдау қиын емес. Бүгінде тисіті құжаттары толықтай дерлік дайындалған теннис орталығының құрылысы маусым айында басталып, желттоқсанның соңына қарай аяқталады деп жоспарланып отыр. Арнайы жер бөлініп, құрылыс жобалау құжаттары дайындалған Достық үйінің құрылысы да конкурстық шаралар өткен соң биыл жазда басталмақшы. Қопа көлінің жағалуынан салынатын яхт-клуб көкшетаулықтардың жаз айларындағы демалатын ең сүйікті орнына айналады деген үміт бар. Облыс басшысы қала тұрғынадары үшін маңызы зор бұл нысандардың құрылысына қатысты жайларды жан-жақты талқылай келе, құрылысына жұмыстарының белгіленген уақытта және сапалы жүргізілуіне жете көңіл бөлінуі қажеттігін ескертті. Биыл жазда сондай-ақ, Бұқпа тауының баурайындағы жұмыс істеп тұрған роллері шаңғымен сырғанау жолын және шаңғы базасының ғимаратын қайта жөндеу жұмыстары да қолға алынбақшы. Бұған қажетті қаржы қарастырылып, құрылыс жобалау құжаттары дайындалған. Бұдан кейін Көкшетау қаласының әкімі Мұнарбек Батырханов қаладағы Горький, Абылай хан және Уәлиханов көшелерінің жолдарына жүргізілетін күрделі жөндеу жұмыстарының жайынан хабардар етті. Бұл жұмыстар үшін тиісті қаржы бөлініп, таяу арада тендер өткізілмекші. Облыс басшысы ең алдымен, көше жолдарын жөңдеудің сапасына баса назар аударылу қажеттігін, бардюрлер мен суағарлар, жаяу жүргіншілерге арналған жолдың бәрі де талапқа сай болуы керектігін қатаң тапсырды. Биыл сонымен бірге орталықтағы бірқатар көше жолдарына ағымдағы жөндеу жұмыстары да жүргізілмекші. Қала әкімі орталық демалыс саябағы мен Тәуелсіздік алаңын абаттандыру жайына да тоқталды. Қазір демалыс саябағын абаттандыру жөніндегі жобалау құжаттары дайындалып, ол жұмыстар таяу арада басталатын болады. Тәуелсіздік алаңы мен саябақ сәулеті ырғақты байланысып, көкшетаулықтардың демалатын ең сүйікті көрікті орнына айналуы тиіс. Биыл сонымен бірге, Жеңіс аллеясын абаттандыру, қалаға Зеренді жақтан келетін жолға арқа мен көпірге жарықтандырғыш шамдар орнату ісі де қолға алынбақшы. Мұның бәрі де Көкшетауды көріктендіріп, астаналық облыс орталығының сәнін арттыра түсері анық. «Көкшетаугорсельпроект жобалау институты» серіктестігінің директоры Анатолий Митрофанов қаладағы интернационалист-жауынгерлерге арналған ескерткіш алаңын абаттандыру бойынша өздері дайындаған сәулет жобасымен таныстырды. Облыс әкімі интернационалист-жауынгерлерге арналып орнатылуы тиіс стелланың бірнеше жобаларының арасынан көпшіліктің талқысына сала отырып, біреуін тандап алды. «Көкшетау қалалық құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесінің бастығы Марат Әубәкіров тұрғын үй жинақтау бағдарламасы шенберінде Көкшетауда салынатын 30 пәтерлік төрт тұрғын үй жобасы жайлы баяндаса, «Зеленстрой» серіктестігінің директоры Геннадий Осиненко қаланы көгалдандыру және гүлзарлар егу бағытында атқарылатын жұмыстар жөнінде әңгімеледі. Кеңесті қорытындылаған облыс әкімі Сергей Дьяченко қажетті қаржынын бөлінгендігін, ендігі міндет сол қаржыны тімді игеріп, қала сәулетін арттыратын нысандарды салып, пайдалануға уақытында беру қажеттігін атап өтті.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі