Кеше 6 сәуір күні, облыс әкімі Сергей Дьяченко Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «Қазақстан ғылымы: кеше, бүгін, ертең» атты аймақтық ғылыми-практикалық конференциясына қатысып, сөз сөйледі. Облыстық ішкі саясат басқармасы және «Шоқан жолдары» қоғамдық ұйымының ұйымдастыруымен өткізілген іс шараға аталған оқу орнының ғалымдары мен оқытушылары, тарихшылар, филологтар қатысты. Конференцияда сөз сөйлеген облыс әкімі С.Дьяченко елімізде жастардың жоғары білім алуымен қатар, ғылыммен айналысуына да зор мүмкіндіктер жасалып отырғандығын айта келе:-Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған биылғы Жолдауында ғылым мен білімді дамытуға зор көңіл бөлінгені мәлім. Бүгінде «білім экономикасы» ғаламдық дамудың тегеурінді тетіктерінің біріне айналды. Сондықтан да ертеңін ойлаған елдер ғылымды өркендетуге жете мән беріп отыр. Қазіргі таңда елімізде қалыптасып келе жатқан жоғары білім берудің жаңа үлгісі мекемелер мен оқу үдерісін стандарттау, жаңа педагогикалық, ақпараттық технологияларды белсенді енгізуді және қашықтықтан білім беру арқылы дамытуды талап етеді. Осы ретте, оқу орындарының басты міндеті-өзгермелі әлеуметтік-экономикалық жағдайларға бейімделуге қабілетті жоғары білікті жаңа буын мамандар даярлау,-деді. Бұдан соң мінберге шыққан Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ректоры Найман Қалабаев оқу орнының қол жеткізген жетістіктері мен студенттердің білімін жетілдіруде атқарылып жатқан іс шараларға тоқталып, қазақ ғылымын дамытудың көкейкесті мәселелері төңірегіндегі ойларын ортаға салды. Конференция барысында «Шоқан жолдары» қоғамдық ұйымының төрайымы Раушан Көшенова, «Шоқан» клубының төрғасы Дәулет Ысқақов және Марина Евсеенко, Ернұр Нұрпейісов, Евгений Крамаренко, Эльмира Жұмағұлова сияқты магистранттардың баяндамалары тыңдалды. Іс шарада студент жастар өздерін толғандырып тұрған мәселерге қатысты ұсыныстарын ортаға салды. Өз кезегінде облыс әкімі С.Дьяченко жастарды жаңа жеңістер мен биік асуларға жету жолында бірлік пен татулыққа, белсенділікке шақырады.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі