Облыс әкімі С.Дьяченконың төрағалығымен денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру мәселелері қаралып, талқыланған мәжілісте осы саланың бүгінгі жай-күйі мен алда тұрған міндеттер кеңінен сөз болды. Мәжілісте облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Баян Ысқақова облыстағы денсаулық сақтау саласының бүгінгі тыныс-тіршілігіне тоқталып, жүрек-қан тамырлары, онкологиялық ауру түрлері, туберкулез, ана мен бала өлімінің алдын-алу мақсатында өңірде жүзеге асырылуы тиіс шаралардың орындалу барысын сөз етті. Өткен жыл қорытындысы бойынша облыста сәбилер өлімі 19 пайызға азайып отыр, ал, ана өлімі тіркелмеген. Емдеу сапасының жақсаруына, туберкулезге қарсы күрес шараларының күшейтілуіне байланысты облыста осы аурумен сырқаттанушылық арғы жылмен салыстырғанда біршама азайған. Бірақ, ол соның ішінде өзінде тұтастай республика бойынша алғандағыдан жоғары күйде қалуда. Мәжілісті қорытындылаған облыс әкімі С.Дьяченко қатысушылардың медициналық қызметтің сапасы, кадрлады даярлау, оларға әлеуметтік жағдай жасап, біліктіліктерін арттыру, елді мекендерде медициналық қызметкерлердің жетіспеушілігі сияқты мәселелерге байланысты қойған көкейкесті сұрақтарына жауап берді. Облыс әкімінің баспасөз қызметі