Кеше, 11 сәуір күні облыс әкімі Сергей Дьяченконың төрағалығымен болып өткен кезекті аппарат мәжілісінде азаматтарды көктемгі міндетті әскери қызметке шақыру және Қазақстан Республикасы мемлекеттік рәміздерінің Ақмола облысында қолданылуының жай-жапсары туралы мәселелер талқыланды. Аппарат кеңесінде облыс әкімі Сергей Дьяченко активке алдымен «Азық-түлік корпорация» ҰК» акционерлік қоғамы Ақмола облыстық өкілдігінің жаңа директоры Рамазан Назарбекұлы Әсіпті таныстырды. Ол бұл қызметке тағайындалғанға дейін Астана қаласында «Жолаушылар тасымалдау» акционерлік қоғамы «Северный» филиалының директоры болып қызмет атқарған. Бұған қоса, аппарат кеңесінде Асылхан Ешімүлы Ыбыраевтың облыстық әкімдіктің өндірістік саланы талдау бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалғандығы туралы хабарланды. Ол бұған дейін осы бөлімнің бас маманы болып істеген. Бұдан кейін күн тәртібіндегі бірінші мәселе - азаматтарды көктемгі міндетті әскери қызметке шақыру туралы облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы А.Н.Старцев хабарлама жасады. Оның айтуынша, 2010 жылы облыста еліміздің Қарулы Күштерін жасақтау жөніндегі Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің тапсырмасы толық көлемде орындалып, әскер қатарына облыстан 742 адам жөнелтілген. Олардың 204-і жоғары білімді жастар болса, тағы 362-сінің орта арнайы білімдері бар. Бұдан әрі облысымызда мемлекеттік рәміздерді қолданудың барысы туралы облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Г.Б.Шөкеева хабарлама жасап, Көкшетау, Зеренді және Сандықтау аудандарында техникалық реттеу және метрология департаментімен бірлесіп, мемлекеттік рәміздерді қолдану және насихаттау жөнінде тексерістер жүргізілгендігін атап көрсетті. Ведомствоаралық комиссияның күшімен облыс орталығында осындай тексеріспен 26 мемлекеттік мекеме қамтылған. Тұтастай алғанда, бұл бағытта жұмыс жүргізілуін жүргізіліп келеді, бірақ, рейдтік тексерістер көрсеткеніндей оны талапқа сай деуге болмайды. Айталық, тексерілген қаншама мекемелердің ішінен тек 10-ында ғана мемлекеттік рәміздер ғимараттардың қас беттерінде талапқа сай орналастырылған. Ал, қалғандарында осы жөніндегі ережелер сақталмаған. Аппарат мәжілісінде барлық қаралған мәселелер бойынша облыс әкімі Сергей Дьяченко тиісті орындарға нақты тапсырмалар берді. Олардың орындалуы алдағы уақытта тиісті бақылауда ұсталатын болады. Облыс әкімінің баспасөз қызметі.