Көкшетауда сейсенбі күні облыстық мәслихаттың кезектен тыс 32-ші сессиясы және облыс активі болып өтті. Бұл сессия мен актив жұмысына Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы Аслан Мусин қатысты. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы Аслан Мусин Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ақмола облысының әкімі қызметіне тағайындауға Сергей Дьяченконың кандидатурасын ұсынған хатын оқып берді. Депутаттар Елбасы ұсынған кандидатураны бірауыздан қолдап, дауыс берді. Сессияда облыстық мәслихаттың депутаты, облыстық «Арқа ажары» газетінің бас редакторы, жазушы Жабал Ерғалиев, облыстық мәслихаттың депутаты Қайрат Сұлтанов ел Президентінің атына алғыс білдіріп және ұсынылған кандидатураны қолдап, сөз сөйледі. Бұдан кейін облыс активі болып өтті. Актив жиналысында жаңадан тағайындалған облыс әкімі Сергей Дьяченко сөз сөйледі. Ол Мемлекет басшысы тарапынан өзіне көрсетілген жоғары сенімді ақтауға бар күш-жігерін салатындығын мәлімдей келе, Ұлт Көшбасшысының командасында жұмыс істеу және Ақмола облысында Елбасы реформаларын жүзеге асыру өзі үшін зор құрмет екендігін ерекше атап өтті. Актив жиналысына қатысушылар алдында облыстық мәслихаттың депутаты Ибрагим Жанғоразов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Чапай Әбутәліпов, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бастығы Әнуарбек Сағитов сөз сөйледі. Олар қабылданған шешімі үшін Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевқа қолдау білдіріп, алғыс сезімдерін жеткізді. Облыс активі алдында қорытынды сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы Аслан Мусин Елбасының облыс әкімін тағайындау жөніндегі ұсынысын қолданғандары және Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауына белсене қатысқандары үшін депутаттарға ризашылығын білдірді, сондай-ақ, облыста таяу арада және болашақта шешілуге тиісті бірінші кезектегі міндеттерді белгіледі.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі