Облыс әкімі Сергей Дьяченко облыс орталығының бас гидротехникалық нысаны Шағалалы су қоймасында болып, қар суының тасқынына жол бермеу мәселесіне айрықша назар аударды. Сандықтау ауданындағы он үйді су басу себептерін анықтауға және алдағы уақытта осындай тосын оқиғалардың алдын алуға тапсырма берді. Көкшетау қаласының іргесіндегі бұл гидротехникалық нысан қысқы және көктемгі кезеңдерінде Шағалалы өзенінің суын тоқтатуға арналған. Су торабының тасқын су қабылдау мүмкіндігі 28 миллион текше метрді құрайды. Бүгінгі күні 20 миллион текше метр су жиналған. Су қоймасы Көкшетау қаласын жылына 10 миллион текше метр сумен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, жақын елді мекендерде тосын жағдайлардың алдын алу үшін су торабының шлюздерімен тасқын су жоспарлы түрде ағызылып отырады. Төтенше жағдайлар өкілдері мен су торабы мамандары өңір басшысы Сергей Дьяченкоға су қоймасының жағдайы, жиналған судың көлемі және оны ағызу жөнінде баяндады. Облыс әкімі тасқынды су деңгейін тұрақты түрде бақылаудың қажеттігін жауапты адамдарға тапсырып, су сорғыш станциясын және өзге де гидротехникалық нысандарды аралап көрді. Облыс әкімі Сергей Дьяченко су ағатын шлюздерді жаз айларында жөндеу жұмыстарын жүргізіуге, Сандықтау ауданындағы он үйді су басу себептерін анықтауға және алдағы уақытта осындай тосын оқиғалардың алдын алуға тапсырма берді. Облыс әкімінің баспасөз қызметі