22 сәуір күні, облыс әкімі Сергей Дьяченко Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «Шоқан тағылымы-15» атты халықаралық ғылыми практикалық конференцияға қатысып, сөз сөйледі. Конференцияның ресми ашылу салтанаты және пленарлық мәжілісінде құттықтау сөз сөйлеген Ақмола облысының әкімі С.Дьяченко елімізде жастардың жоғары білім алуымен қатар, ғылыммен айналысуына да зор мүмкіндіктер жасалып отырғандығын айта келе: - Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған биылғы Жолдауында ғылым мен білімді дамытуға зор көңіл бөлінгені мәлім. Бүгінде ертеңін ойлаған елдер ғылымды өркеңдетуге жете мән беріп отыр. Осы ретте, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті ғылым саласындағы білім беру жүйесін ұйымдастыруда сөзсіз көшбасшы болып табылады. Өткен жылы қазақтың біртуар ұлы ғалым, ағартушы, саяхатшы, этнограф Шоқан Уәлихановтың 175 жылдығына орай Шоқан тағылымына терең үңілу, шығармашылығының қыр-сырын жете меңгеру мақстаында алыс жақын шет мемлекеттердегі ғалымдардың қатысуымен халықаралық конференция ұйымдастырылғаны белгілі. Олай болса, Шоқантану ғылымның өз жалғасын табарына сенімім мол,- деді. Бұдан соң Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Найман Қалабаев оқу орнының қол жеткізген жетістіктері мен студенттердің білімін жетілдіруде атқарылып жатқан іс-шараларға тоқталып, қазақ ғылымын дамытудың көкейкесті мәселелері төңірегіндегі ойларын ортаға салды. Конференция жұмысына өз ғалымдарымызбен қатар, көршілес Ресей, Польша мемлекеттеріндегі бірлескен ғылыми кешенді іс шараларды жүзеге асыратын бірқатар гуманитарлық ғылым салаларындағы ғалымдар, тарихшылар, этнологтар, филологтар тікелей ат салысты. Пленарлық мәжіліс барысында тарих ғалымдарының докторы, Абай атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Сұлтан Урашев «Абылай хан және Пугачев көтерілісі», тарих ғалымдарының докторы, Ф.Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университетінің профессоры Юрий Сорокин «Қазіргі заманғы тарихи білім берудегі маркстік ілімнің мәні», филология ғалымдарының кандидаты, Шоқантанушы, «Қазақпарат» агенттігі директорының орынбасары Жарылқап Бейсенбайұлы «Шоқан Уәлиханов-ортағасырлық түркі қыпшақ жазба жәдігерлерін зерттеуші», тарих ғалымдарының докторы,Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік профессоры Қадыржан Әбуов «Тарих және тұлға» атты тақырыптар бойынша баяндамалар жасады. Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде 15 ғылыми бағыт бойынша жұмыс істеген секцияларда ғылымның түрлі салаларында ғылымның түрлі салаларындағы өзекті мәселелер бойынша 800 ден астам ғылыми мақалалар талқыланды. Облыс әкімінің баспасөз қызметі