Өткен жұма күні, облыс әкімі, «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы Ақмола облыстық филиалының төрағасы Сергей Дьяченко филиал ғимаратында тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдау жүргізіп, өтініш-тілектеріне көңіл бөлді. Қабылдау барысында облыстың түкпір-түкпірінен келген тұрғындар тарапынан баспана, қаржылай көмек, несие алу, жұмысқа орналасу сияқты мәселелер көтерілді. 2009 жылы Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне пәтер берілгенде соғыс және еңбек ардагері Кенжебек Ақымбаевтың құжатын тиісті мекеме жоғалтуына байланысты ол кезекке енбей қалған. Партияның облыстық филиалының төрағасы Сергей Дьяченко бұл мәселе жөнінде тексеріс жүргізіліп, кінәлі қызметкерлерге қатаң түрде шара қолданылатынын айтты. Тұрғын үй мәселесімен келген Көкшетау қаласында тұратын зейнеткерлер Нұрлан Қадырбеков пен Вера Алексееваға он күннің ішінде арнайы жауап берілетін болды. Уақытша жұмыссыз жүрген Макинск қаласында тұратын жоғары білімді Бауыржан Өмірзақовты Бұланды ауданының әкімі Ермек Нұғыманов жұмысқа орналастыруды мойнына алды. «Спорт ойындары түрлерінің клубы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры Арсен Ысқақов пен «Жерім А.К.» қыздар футбол командасының бас жаттықтырушысы Петр Пак қыздар арасындағы футболдан Қазақстан Республикасы чемпионатына қатысу үшін қаржылай көмек көрсетуді сұрады. Партияның облыстық филиалының төрағасы Сергей Дьяченко қандай да бір спорттық команда құрмас бұрын алдымен қаржыландыру мәселесін шешу керектігін, ал, өтініш жөнінде бір шешім шығарылатынын айтты. Сондай-ақ, Краснояр селосында тұратын «Жәнібек» шаура қожалығының басшысы Серік Қажыбаевтың несие алу жөніндегі мәселесі де оң шешімін тапты. Облыс әкімінің баспасөз қызметі