23 сәуір күні, Көкшетау қаласында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов пен Ақмола облысының әкімі Сергей Дьяченко Қазақстан Республикасындағы білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын насихаттау жөнінде Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарының өкілдерінің қатысуымен аймақаралық кеңес өткізді. Облыс әкімдерінің орынбасарлары, жоғары оқу орындарының ректорлары, аймақтық білім басқармалары мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен өткен аймақтық кеңестің ресми ашылу салтанаты және пленарлық мәжілісінде құттықтау сөз сөйлеген Ақмола облысының әкімі С.А.Дьяченко «Білім беру саласын дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасын» іске асыру мақсатында облыста атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Бұдан соң Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов кеңеске жиналғандар алдында баяндама жасап, заман талабына сай жаңа буын оқулықтарын әзірлеу, оның проблемалары мен болашағы, білім беруді дамытудағы мұғалімнің рөлі жайлы сөз қозғады. Кеңес барысында білім берудің толғақты мәселелері, әсіресе, жаратылыстану пәндерін оқыту, оқулықтар сапасының жайы да өткір сөз болып, облыстық білім басқармасының бастығы Марат Ыбыраев, Қостанай облысы әкімінің орынбасары Серік Бектұрғанов, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ректоры Найман Қалабаев, Солтүстік Қазақстан облыстық білім басқармасы бастығының орынбасары Шолпан Кәрімовалардың баяндамалары тындалды. Солтүстік аймақ мұғалімдері мен білім қызметкерлері тарапынан білім беру мен ұрпақ тәрбиесі, мұғалім жауапкершілігі, оқулық жазу, әдістемелер шығару, жаңа білім технологиясын бірлесіп жүзеге асыру тұрғысында нақты ұсыныс-пікірлер айтылды. Білім берудің мазмұны мен құрылымын жаңарту, жаңа технологияларды жетілдіру мақсатын көздеген жиынды қорытындылаған Білім министрі Бақытжан Жұмағұлов жас ұрпақтың танымы кең тұлға ретінде қалыптасуы жолында негізгі міндет ұстаздар қауымына жүктеліп отығандықтан, мектептерді жаңарту мен жақсарту бағытында көптеген жұмыстар атқарылуы тиіс екендігін ескертті. Бұл күні білім қызметкерлері бірнеше секциялар бойынша жұмыс істеді. Оған қатысушылар оқулықтар мен оқу әдістемелерін жетілдіру, мұғалім кәсібінің мәртебесін арттырып, одан әрі ұлттық білім және ғылым жүйесіндегі ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын айқындауда өз пікірлерімен бөлісіп, тың идеяларын ортаға салды. Сол сияқты, жиында педагогикалық ынтымақтастықты зерттеп, зерделеу, интеллектуалды тұлғаны қалыптастырудағы психологиялық-педгогикалық тәжірибе, қазіргі заманғы оқыту технологиялары мен электронды білім ресурстарының жаңа буынын қалыптастыру жайы жан-жақты сөз болды. Облыс әкімінің баспасөз қызметі