Кеше облыс әкімі Сергей Дьяченконың төрағалығымен өткізілген кезекті аппарат кеңесінде Қазақстан халқының бірлігі және Жеңіс күндерін мерекелеуге дайындық шаралары туралы мәселелер қаралды. Кеңесте күн тәртібіндегі алғашқы мәселе жайында облыс әкімінің бас инспекторы-Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Мәрзият Тохаева хабарлама жасады. Шешеннің сөзіне қарағанда облыста қоғамдық маңызы зор бірқатар шаралар: этномәдени орталық өкілдерінің қатысуымен ғылыми-практикалық конференциялар, семинарлар, дөңгелек үстелдер, достық фестивалі, патриоттық қайырымдылық акциялар, көркемөнерпаздар шығармашылық ұжымдарының концерттік бағдарламалары, мәдени және спорттық жарыстар өткізілмек. Қазақстан халықтары бірлігі күні шенберіндегі облыс орталығында «Ынтымағы бірдің - мақсаты бір» атты достық фестивалі өткізілмек. «Тәуелсіздік» алаңында 12 этношаңырақтан құралатын этноқалашық орнатылып, онда қазақ, орыс, украин, неміс, армян, азербайжан, түрік, поляк, шешен - ингуш, корей, татар және өзбек халықтарының тұрмыс салт-дәстүр ғұрыптары, мәдениеті көрсетілмек. Әрі көркем-өнерпаздар ұжымдары осы жерде концерттік бағдарламаларын тамашалаушылар назарына ұсынады. Осы тақылеттес мерекелік шаралар аудандарында, қалаларда және селолық округтердің орталық алаңдарында өткізілу көзделіп отыр. Ұлы Жеңіс күні мерекесін өткізуге дайындық туралы облыстық мәдениет басқармасының бастығы Мұратбек Оспанов баяндап берді. Ол өз сөзінде облыстың барлық мекемелері мен кәсіпорындарында мерекелік мәдени көпшілік шаралардың өткізілетіндігіне тоқталды. Жеңіс мерекесі қарсаңында облыс мұражайлары мен кітапханаларында қалың бұқараға арналған кітап көрмесі, соғыс туралы экскурсия, еске алу кештері, жастар мен ардагерлердің кездесулері өткізілетіндігін баяндап берді. 9 мамыр күні облыс орталығында Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, Даңқ мемориалында «Майдангерлерім, ардагерлерім, қайран ерлерім!» атты митинг өткізіледі. Митингіге қатысушыларға арналған «Георгиев лентасы» атты акция ұйымдастыру көзделіп отыр. Тәуелсіздік алаңында «Қаhарлы соғыстағы Ұлы Жеңіс» атты театрландырылған қойылым ұйымдастырылып, концерттік бағдарлама ұсынылады. Оған облыстағы ең үздік шығармашылық ұжымдар мен әншілер қатысады. Этномәдени орталықтардың өкілдері мен қала мектеп оқушылары жоғары оқу орнының өкілдері де ат салыспақ. Осы тәрізді шаралар облыстың барлық мәдениет мекемелерінде өткізіледі. Жеңіс мерекесін өткізуге дайындалу барысында ескерткіштерді жөндеу туралы шаралар белгіленді. Облыс бойынша барлығы 322 ескерткіш жөнделмек. Оған 5321,6 мың теңге қаржы жұмсалу көзделіп отыр. Тыңдалған мәселелер туралы облыс әкімі Сергей Дьяченко нақты тапсырмалар беріп, оның жүзеге асырылуы бақылауда болатындығын жеткізді. Облыс әкімінің баспасөз қызметі