28 сәуір күні облыс әкімі Сергей Дьяченко Көкшетауға арнайы келген Польша Республикасының Мазовецкий воеводасының төрағасы Адам Струзик бастаған делегацияны қабылдады. Облыс басшысы меймандарға әлеуметтік-экономикалық даму жетістіктері жайлы айтып берді. Екіжақты ынтымақтастық және іскерлік байланысты нығайтуға жөніндегі келісімге қол қойылды. Польшалық меймандар бірқатар кәсіпорындардың жұмысымен, ұлттық-мәдени орталықтардың, соның ішінде поляк диаспорасының тыныс-тіршілігімен танысты. Поляк делегациясының құрамында мемлекеттік лауазымды қызметкерлер, Сейм депутаты және кәсіпкерлер бар. Ақмола облысы мен Польшаның Мазовецкий воеводасының арасындағы байланыс 2005 жылы қалыптасып, 2007 жылы екі жақты келісімге қол қойылған еді. Бұл екі аймақтың өзара ұқсас жақтары көп. Ең алдымен, Ақмола облысының аумағында тәуелсіз Қазақстанның жаңа астанасы орын тепсе, Мазовецкий воеводасының ауамғында ел астанасы Варшава орналасқан. Табиғаты мен экономикалық жағдайларындағы да біршама ұқсастық бар. Поляк делегациясын бастап келген Мазовецкий воеводасының төрағасы Адам Струзик 5 миллиондай тұрғыны бар, үлесіне ел өндірісінің 20 пайызы тиетін ірі аймақтың бүгіні мен болашақ даму бағдары жайлы жан-жақты әңгімелеп берді. Бүгінде бұл аймақта 690 мың шағын және орта кәсіпкерлік нысаны белсенді жұмыс істейді. Осыдан бірнеше жыл бұрын барша әлемді шарпыған экономикалық дағдарыс Польшаға да айтарлықтай әсерін тигізген. Дегенмен, қазір ел дағдарыстан шығып, дамуға бет алып келеді. 2010 жылы елдегі өндіріс өсімі 3,8 пайызға жеткен. Адам Струзик өзімен бірге еріп келген кәсіпкерлер Ақмола облысынан іскер байланыс жасайтын әріптестер тауып, бұл екі жақты тиімді қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға ықпалын тигізеді деген сенімін білдірді. Бұдан кейін сөз алған Ақмола облысы бойынша поляктардың қоғамдық бірлестігінің төрағасы Александр Суховецкий Қазақстанда, оның ішінде Ақмола облысында тұрып жатқан поляктардың өздерінің ана тілі мен салт дәстүрлерін сақтап, дамытуға барлық жағдайлардың жасалғандығын, жексенбілік мектептер жұмыс істейтіндігін айта келе, облыс әкіміне алғысын білдірді. Кездесу соңында облыс әкімі Сергей Дьяченко мен Польша Республикасы Мазовецкий воеводасының төрағасы Адам Струзик екі жақты байланыс жөніндегі келісімге қол қойды. Бұдан кейін поляк делегациясы облыс орталығындағы бірқатар кәсіпорындарда болып, олардың жұмысымен танысты. Тәулігіне 300 тонна ұн тартатын шетелдік құрылғылармен жабдықталған «Агример Астық» серіктестігінің диірмен кешенінде, жылына 60 миллион дана керамикалық кірпіш шығаратын «Eнки» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кірпіш заводында және «Көкшетау минералды сулары» акционерлік қоғамының сусын шығаратын цехында болған қонақтар өндіріс процесін көздерімен көріп, бүгінгі еліміздегі экономика саласында болып жатқан серпінді өзгерістерді анық сезінгендей болды. Поляк делегациясының облысымызға сапары Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театры ғимаратында ұлттық мәдени орталықтар әзірленген концерттік бағдарламаны тамашалаумен танысты. Облыс әкімінің баспасөз қызметі