Ақмола облысының әкімі, Қазақстан халқы Ассамблеясы Ақмола филиалының төрағасы Сергей Дьяченко Көкшетау қаласының Тәуелсіздік алаңында 1 мамыр Қазақстан халқы бірлігі мерекесінің аясында өткізілген достық фестиваліне қатысып, сөз сөйлеп, ұлттық келісім мен ынтымақтың еліміз үшін аса маңыздығы мен құндылығын жан-жақты айта келе, көктемнің осы жарқын мерекесімен құттықтады. Мереке күні аспан ашық болып, қала тұрғындары мен меймандарының көңіл-күйін көтере түсті. Таңертең қала көшелеріндегі радиодан бірлік мерекесі, Қазақстан халқы Ассамблеясы Ақмола филиалының және облыстың этно-мәдени бірлестігінің қызметтері жөнінде ақпараттар беріліп, бірлік пен ынтымақты насихаттайтын әсем әндер шырқалды. Тәуелсіздік алаңында 12 этноүйден тұратын Достық этноқалашығы орналасып, қазақ, орыс, украин, неміс, армян, әзірбайжан, түрік, поляк, чешен-ингуш, корей, татар және өзбек халықтарының мәдениеті, тұрмысы, салт-дәстүрі көрсетілді. Әр павильонда Қазақстанның көп ұлтты этностарының ұлттық болмысы мен мұндалап тұрды. Паркке кіре берісте үрлемелі аспаптар оркестрі ойнап, мереке сәнін аша түсті. Орталық саябақта Көкшетау қаласындағы жоғары оқу орындары мен көркем сурет мектебінің күшімен «Достық Арбаты» атты шара ұйымдастырылып, мұндағы жұрттың назары оқушылар мен студенттердің көркем суреттеріне ауды. Ақан сері атындағы мәдениет колледжінің студенттері де өз өнерлерімен жұртшылық көңілінен шықты. Мәдени шара салтанатында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Серік Аяғанов, Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің оқытушысы Алена Герасимова, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Вайнах» чешен-ингуш қоғамы» облыстық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Герихан Яндиев, Елбасымыздың бейбітшілік және өркениет мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Жазушылар одағының мүшесі Алмас Темірбай құттықтау сөз сөйлеп, ұлттар мен ұлыстар арасындағы бірлік пен ынтымақ нығая берсін деген тілектерін білдірді. Қолданбалы өнер көрмесіне қаланың мектептері, кәсіптік техникалық лицейлері, облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаменті мен суретшілер одағы белсене қатысты. Спорттың түр-түрінен жарыстар өтті. «Әлем - балалардың көзімен» атты балалардың асфальтқа салған суреттерінің байқауына 300 оқушы қа-тысты. Байқауға қатысушылардың барлығына облыс әкімі, Қазақстан халқы Ассамблеясы Ақмола филиалы төрағасының, «НефтегазДем» Ақмола зейнетақы жинақтаушы қорының, «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы облыстық филиалының және «Avon» компаниясының сыйлықтары табыс етілді. Қазақстан халқы бірлігінің мерекесіне орай арнайы шаралар облыстың барлық аудандарында болып өтті. Облыс әкімінің баспасөз қызметі