Өткен бейсенбі күні, облыс әкімі Сергей Дьяченконың төрағалығымен қала құрылысы кеңесінің көшпелі мәжілісі өтіп, онда облыс орталығын абаттандыру, көгалдандыру, көріктендіру және бітпей тұрған құрылыстарды аяқтау жайы қаралды, Көкшетауды қазіргі заманға сай сәулетті, көрікті шаһарға айналдыру үшін не істеу қажеттігі пысықталды. Қала құрылысы мен абаттандыру, көгалдандыруға жауапты ведомстволар мен ұйымдардың басшылары қатысқан көшпелі мәжіліс автобуста өтті. Облыс әкімдігінің ғимаратынан басталған автобус сапары орталық көшелермен жалғасып, Астанаға шығатын даң-ғылдағы аркаға келіп тірелді. Облыс әкімі таяуда ғана Уәлиханов көшесінің бойына отырғызылған көшеттерге назар аударып, әр жерде шоқ-шоқ болып тұрған ағаштарға байланысты ескерту жасады. Астана жақтан қалаға кіретін даңғыл саналатын бұл көшенің бойын түгел ағашпен көмкеру үшін не кедергі дей келе, облыс басшысы оталған ағаштардың бойының әркелкі екендігін, Елордадағы сияқты көше бойындағы ағаштардың біркелкі болып көз тартып тұруы қажеттігін атап өтті.
Қазақтың оюымен безендірілген «Көкшетау» деген жазуы бар арканың бейнесіне көңілі толатындығын білдірген облыс әкімі енді осындай аркаларды қаланың басқа бағыттарымен шығатын жолдарға да орнату керектігін баса айтты. Қала әкімі Мұнарбек Батырханов бұл жұмыстардың мамыр айының ортасында басталып, маусымның 10-на дейін толық аяқталатынынан хабардар етті. «Новопэк» серіктестігі ғимаратының жанында облыс орталығының бет-бейнесін ашатын он метрлік стелла орнатылып жатыр. Оның құрылысының барысымен танысқан облыс әкімі бірқатар сын-ескертпелерін жасады.
Көкшетау қаласының әкімі Мұнарбек Батырханов облыс басшысына қалаға кіретін Уәлиханов көшесі мен М.Горький, Е.Әуелбеков көшелерін және Абылай хан даңғылын абаттандыру, көріктендіру бағытында атқарылатын жұмыстар жайында баяндады. Ең алдымен бұл көшелердің жолдарына жөндеу жүргізіліп, жағажолдардың бардюрлері ауыстырылады, ағаштар оталып, көшеттер отырғызылады, екі жақты жарықтандырылып, біраз ғимараттарға түрлі-түсті түнгі жарықтандыру орнатылмақшы. Мұның бәрі жүзеге асқан кезде қаланың орталық көшелері сәулетті, көрікті түрге еніп, сәні арта түсетін болады.
Абылай хан даңғылының бойында орналасқан «Северный» жанар-жағар май құю мекемесінің алдындағы алаңда жаңадан орнатылған субұрқақтың ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Сергей Дьяченко қалада көрікті бір нысан салуға уәдесін беріп, соны қысқа мерзімде орындаған кәсіпкер Владимир Свидерскийге ризалығын білдірді. Түнде түрлі-түсті жарықтармен көз тартатын бейнеге енетін гранит тастармен өріліп жасалған субұрқақ шынында да облыс орталығының көрікті нысанына айналары анық. Облыс басшысы алдағы уақытта Көкшетауда күн сайын осындай көрікті орындар ашылып тұрса деген тілегін білдіре келе, туған қаланы көріктендіруге кәсіпкерлер де лайықты үлестерін қосуы қажеттігін атап өтті.
Вокзал алаңында болған облыс басшысы қаламыздың қақпасы саналатын вокзал алаңын абаттандыру, көріктендіру үшін не істеліп жатқандығын сұрап білді. Вокзал аумағын көріктендіруге «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ-ы 25 миллион теңге қаржы бөліп, бұл жұмыстар таяуда басталмақшы.
Облыс басшысы, сондай-ақ, Абай көшесінің бойындағы құрылысы бітпей тұрған «Авиценна» орталығы ғимаратының мердігерін алдырып, істің мән-жайын сұрады.
Бұдан кейін облыс әкімі Тәуелсіздік алаңында орнатылуға тиісті тәуелсіздік монументі жобасының жайымен танысты.
Көшпелі мәжілісті қорытындылаған облыс әкімі қаланы көріктендіру үшін қомақты қаржы бөлінгендігін, осыған орай тиісті жұмыстарды белгіленген уақытта атқару қажеттігін айтып, оның орындалуы қатаң бақылауға алынатындығын ескертті.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі