Кеше облыс әкімі Сергей Дьяченко облыстық перинатальдық орталығының аймағында тұңғыш рет ашылған «Ана мен бала» бағына алғашқы ағаш көшеттерін отырғызуға қатысып, мемлекеттің негізі отбасы болып саналатындығын, оның құндылықтары мен салт-дәстүрлерін сақтау аса маңызды мәселе екендігін атап көрсетті.
«Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына 20 «Ана мен бала» бағы мен алаңы» атты акциясы барысында облыс әкімі С.А.Дьяченко өзі бастап жас аналар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері, «Жасыл ел» жастар отрядының мүшелері 30 түп қайың көшеттерін отырғызды.
«Ана мен бала» бағының ашылу салтанатында облыстық перинаталдық орталықтың бас дәрігері Ермек Мұхамедиев, Көкшетау қалалық мәслихатының хатшысы, «Арай» белсенді әйелдер орталығының мүшесі Қымбат Мұстафина, көп балалы ана, «Алтын алқа» иесі Мәриям Сағитова, жас аналар атынан атаулы көшет отырғызған Надежда Трошкина сөз сөйлеп, осы шара болашақ ұрпақты тәрбиелеуде маңызды екендігін атап көрсетті. Облыстық мұсылман әйелдері лигасы қоғамдық бірлестігінің мүшелері қазақтың бесікке бөлеу ұлттық салт-дәстүрін көрсетті.
Облыс әкімі Сергей Дьяченко жас аналарға отырғызылған көшеттердің атаулы сертификаттары мен ескерткіш сыйлықтарын табыс етті.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі