Кеше облыс әкімі Сергей Дьяченконың төрағалығымен өткізілген кезекті аппарат кеңесінде жаз айларында орман-тоғайдың өртіне жол бермеу және оның алдын алу шараларының, сонымен бірге өңірде азық-түлік өнімдері бағаларының негізсіз қымбаттамауын қамтамасыз ету мәселелері қаралып, талқыланды.Аппарат кеңесі облыста тағайындалған жаңа басшыларды таныстырудан басталды. Айталық, Қазақстан Республикасы Бас прокурорының бұйрығымен бұған дейін Қазақстан Республикасы Бас көлік прокурорының бірінші орынбасары қызметін атқарған Азамат Сембайұлы Жылқыбаев Ақмола
облысының прокуроры болып, облыс әкімінің биылғы жылғы 4 мамырдағы өкімімен медицина ғылымдарының докторы Қасымжан Қалижанұлы Тәшіметов Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасының бастығы болып тағайындалды. Ол бұған дейін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті Ақмола облысы бойынша департаментінің директоры қызметін атқарған. Қазақстан Республикасы Денсау-лық сақтау министрлігі мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті төрағасы бұйрығымен мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті Ақмола облысы бойынша департаментінің директоры болып тағайындалған Кенжебек Шайсұлтанұлы Шайсұлтанов та медицина ғылымдарының докторы болып табылады. Ол бұған дейін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің көліктегі Орталық мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің директоры болып қызмет істеген.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша аппарат кеңесін-де Ақмола облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бастығы Әнуарбек Сағитовтың жазғы маусымда ормандағы өртке қарсы күрес шараларына дайындық барысы туралы хабарламасы тыңдалды. Бүгінгі таңда облыстағы 13 мемлекеттік орман шаруашылығы мекемесінде өртке, соның ішінде әсіресе, ірі орман өрттеріне жол бермеу жолында барлық шаралар қарастырылуда. Ірі орман өрттерін сөндіру барысында өзара үйлесімділікті қамтамасыз ету мақсатында 22 сәуір күні «Бұқпа» орман шаруа-шылығында облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі де-партаментпен бірлесіп «Өрт - 2011» командалық-штабтық тактикалық жаттығулар өткізілді. Барлық өрт сөндіру техникасы жөндеуден өткізіліп, радиостанциялардың, өртті шолу мұнараларының дайындығы тексеріліп, өртті сөндіретін бүріккіш құралдардың саны 405-ке жеткізілді.
Тұтастай алғанда, бүгінгі таңда өртке қарсы техникамен қамтамасыз етілудің жайы сын көтере бермейді. 39 орманшылықтың тек 12-сінде ғана өрт сөндіру машиналары бар.
Бұл - қажетті машиналардың 31 пайызы ғана. 5 мемлекеттік мекемеде тек 1 өрт сөндіретін автокөліктен ғана бар. Бұқпа және Барап орман шаруашылығы мекемелерінде химиялық өрт станциялары жоқ. Биыл орманда 4 өрт оқиғасы орын алып, тез сөндірілді. Бұдан басқа облыс аумағында 278 гектар алқапта 13 дала өрті тіркелді. Оларды сөндіруге кеткен шығын 169,4 мың теңгені құрады.
Аппарат кеңесінде сонымен бірге, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Марат Қойшыбаевтың азық-түлік өнімдерінің бағасы туралы хабарламасы тыңдалды. Облыста азық-түлік өнімдеріне баға бірқалыпты деңгейде ұсталуда. Белгілі бір өнім тапшылығы байқалмайды. Күріш, ұн, нан, макарон өнімдері, маргарин, балқытылған сыр, балық бағалары тұрақты болып келеді.
Жыл басынан бері ет өнімдерінің бағасы 8,9, күнбағыс майы 9, сарымай 4,1, қырыққабат 59,3, сарымсақ 35,8, қызылша 33,2, картоп 34,3, қарақұмық 24,3, қант 11,8 пайызға өсті.
Сәуір айында күріштің бағасы 2,6, сүт 2,3, картоп 4,2 па-йызға, суық сумен жабдықтау тарифі 31, ыстық сумен жабдықтау 8, канализация 5,2, бір орталықтан жылу беру тарифі 7,5 пайызға төмендеді.
Азық-түлік өнімдері бағаларының негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында 2011 жылдың қаңтар-сәуірінде сусындарды қоса есептегенде, 10,3 миллиард теңгенің азық-түлік тауарлары өндірілді. Бұл - 2010 жылдың деңгейімен алғанда 122,4 пайызды құрайды.
Биылғы мамыр айында «Қазақстанның жылыжай технологиясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде алғашқы өнім - жас қиярлар алына бастады. Осы айдың аяғына дейін 20 тонна қияр алу жоспарланып отыр. Петропавлдан әкелінетін қиярлардың бір килограмы бөлшек саудада 400-450 теңгеден, Қарағандының қияры 280-320 теңгеден сатылса, осы жылыжайда өсірілген өзіміздің қиярымыз 190-200 теңге тұрады.
Тұрғындарды сапалы ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ету жөніндегі жәрмеңкелер де өзін ақтап отыр. Мұнда сауда делдалдарсыз өнім иелерімен және көтерме сауда жасаушылармен жүргізіледі. 2011 жылдың басынан бері аудандар мен қалаларда осындай 234 жәрмеңке өткізіліп, 406,0 миллион теңгенің тағам өнімдері іске асырылды. Соның ішінде 3 облыстық жәрмеңкеде 103,5 миллион теңгенің өнімдері сатылды.
Көтерме-бөлшек саудада және тауар өндірушілерде 2011 жылдың мамырына дейін өсімдік майының 420 тоннасы немесе 30 күнге жететін қоры, қанттың 455 тоннасы немесе 13 күндік қоры жасалған. Күріш 380 тоннаны немесе 22 күндік қорды, жұмыртқа 3412 мың дананы немесе 12 күндік қорды құрап отыр. 380 тонна макарон өнімдерінің де әлі 42 күнге, 5605 тонна ұнның 192 күнге, 115 мың тонна шайдың 82 күнге, 225 мың тонна тұздың 50 күнге жететін қоры бар.
Қаралған мәселелер бойынша облыс әкімі Сергей Дьяченко нақты тапсырмалар берді, олардың орындалу барысы бақылауда ұсталатын болады. Облыс әкімінің баспасөз қызметі.