Облыс әкімі Сергей Дьяченконың төрағалығымен өткізілген Ақмола облысының әкімдігі жанындағы діни бірлекстіктермен байланыс жөніндегі Кеңес Мәжілісінде өңірдегі діни ғимараттарды мемлекеттік тіркеуден өткізу және теріс діни ағымдардың алдын алып, оған жол бермеу мәселелері қаралып, талқыланды. Қазақстан Республикасының «Діни бірлестіктер туралы» Заңының 1-бабының 1-тармағына сәйкес діни ғимараттарға ислам дінінде мешіттер мен намазханалар, православие дінінде шіркеулер жатады. Құдайға құлшылық ететін осы орындар мемлекеттік тіркеуден өтпеген жағдайда, олардың қызметі заңсыз болып табылады. 2006 жылдың мамыр айында облыста 142 діни ғимарат бар еді. Сол кезде олардың 36-сы ғана мемлекеттік тіркеуден өткен болатын. Ал, қазір облыстағы 170 осындай ғимараттың тек 14-і, яғни, 13 мешіт, 1 шіркеу ғана тіркеуден өтіп үлгермеген. Яғни, осы екі аралықтағы жағдай жер мен көктей деуге болады.
Мұның өзі бір есептен, бұрын облыстық әділет департаментінің құрамында болып келген діни істер жөніндегі бөлімнің Ақмола облысының діни істер департаменті болып дербес мекемеге айналуының да нәтижесі деу керек. Өйткені, содан бері өңірде мешіттер мен шіркеулерді, басқа да діни ғимараттарды тіркеу жұмыстары анағұрлым жандандырылып, толықтай аяқталуға жақын. Дегенмен, мәжілісте осы жөнінде есеп берген департамент директоры Сәуле Ыбыраева бұл істе қол байлаған проблемаларды да ауызға алмай тұра алмады.
Соның ішінде кей мешіттерде имамдардың жоқтығы, олар жоқ болған соң тіркеу құжаттарымен ауылдық әкімдердің айналысқысы келмейтіндіктері, екінші жағынан бәрі қаржыға келіп тірелетіндігі, оның үстіне кей Алла үйлері жеке адамдардың күшімен салынғандықтан, иелері қағаздарын бергілері келмейтіндіктері басты кедергілер ретінде атап өтілді.
Бұдан әрі Целиноград ауданындағы діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі Кеңестің жұмысы қаралып, осы жөнінде аудан әкімінің орынбасары Берік Жанбаев есеп берді. Бұл есепте де негізгі мәселе қолда бар діни ғимараттарды мемлекеттік тіркеуден өткізудің төңірегінде өрбіді. Қазір ауданда ашылған 18 мешіттің 14-і тіркелсе, қалған төртеуінде де осы мәселе шешілуге таяу. Оның үстіне дінге ниет қылған 44 бала дәріс алатын Қосшыдағы медресе де өңір мақтанышы. Бүгінге дейін бір құптарлығы, аудан көлемінде теріс діни ағымдардың да әлдебір оғаш әрекеттері байқалмаған. Мұның бәрі жергілікті билік тарапынан қолға алынып отырған жұмыстардың нәтижесі десе болады.
Облыста осыдан екі жыл бұрын диструктивтік экстремизмнен жапа шеккендерге көмек қолын созатын орталық «Сана» діни ақпараттық-консультативтік орталығы» қоғамдық қоры болып қайта құрылған еді. Осы қор президенті Гүлнәр Оразбаеваның діни экстремизмге қарсы күрес шараларына арналған баяндамасы да жиналғандарға үлкен ой салды. Әсіресе, баяндаманың алдында көрсе-тілген бейне кадрлардағы жалған емшілер мен діни секталардың алдау-арба-уына түскен жандардың басынан өткен қайғылы оқиғалар кім-кімді де бей-жай қалдырмайтындай.
Облыс әкімі Сергей Дьяченко мәжілісті қорытындылай келе, облыста діни ғимараттарды мемлекеттік тіркеу жұмыстарын тез арада аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ, өңірдегі діни бірлестіктер мен діни ағымдарға да бақылау күшейтіліп, ұсақ-түйек демей, дінге қатысты әрбір мәселені баса назарда ұстап отырмаса болмайды. Ал, өз жұмысын жақсы жолға қоя білген «Сана» қоғамдық қорына облыстық ішкі саясат басқармасы тарапынан тиісті көмек-қолдау болса, іс тіпті алға басары сөзсіз. Мәжілісте сөз алған Науан хазірет атындағы Көкшетау орталық мешітінің іс басқарушысы Жүнісбек Әленовтің осы тұрғыдағы ой-пікірлеріне де жылы ілтипат білдірген облыс әкімі сөзінің соңында Кеңес мүшелеріне келесі жолы мұндай мәжілістерге бұдан гөрі тыңғылықты дайындалып келуді де ескертуді ұмытпады.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі