Кеше облыс әкімі, «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы Ақмола облыстық филиалының төрағасы Сергей Дьяченко қоғамдық қабылдау жүргізіп, өз алдына келген азаматтардың өтініш-тілектерін тыңдап, олардың қойған мәселелерін шешудің жолдарын белгіледі.Қабылдау барысында облыстың түкпір-түкпірінен келген мекеме және кәсіпорын басшылары мекеме ғимаратын кеңейту, мемлекеттік тілде білім беруді дамыту, облыс орталығын абаттандырып, көгалдандыру, қоғамдық бірлес-тіктің қызметін дамыту және тұрғындар тарапынан ауыз су, жер бөлу, баспана, әділетсіздік сияқты мәселелер көтерілді.
Облыс орталығындағы қалалық қазақ кітапханасы көп жылдардан бері оқшаулау жердегі тар бөлмелерде жұмыс істеп келе жатқаны қала жұртшылығына белгілі. Үстіміздегі жылы осы кітапхананы жөндеуге жергілікті бюджеттен қаражат бөлінген. Кітапхана бөлмелерінің тарлығынан қосымша бөлмелерді жалға алу жөнінде қалалық ақпараттық кітапхана жүйесінің директоры Мәншүк Сайдалина мәселе көтерді. Мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған бұл мәселені облыс әкімі Сергей Дьяченко әрқашанда қолдайтынын атап өтті.
Көкшетау экономика және менеджмент институтының аға оқытушысы Төлеген Қасенов мемлекеттік тілде білім беруді дамыту жөніндегі өз ұсынысын айтты. - Көкшетау қаласында 16 аралас орта мектеп бар. Мемлекеттік тілді дамыту үшін осы мектептердің тең жартысы қазақ мектептері болуы тиіс. Осындай жағдай Атбасар, Степногорск қалалары мен аудан орталықтарында орын алып отыр. Мереке күндері әр ұлыстың өкілдері заңсыз түрде өздерінің екінші Отанындағы Президенттің портретін іліп, сол елдің туын желбіретеді, - деді Төлеген Әскерұлы. Облыс басшысы бұл бағытта қала мен аудандардың әкімдеріне тапсырма беретінін атап өтті.
Облыс орталығын абаттандырып, көгалдандыру жөнінде «Флора» фирмасының директоры Анатолий Рафальский мәселе көтерді. Үстіміздегі жылы Көкшетау қаласының көше бойларына үш кәсіп-орын гүл егіп, абаттандыру жұмыс-тарымен айналыспақшы. Солардың қатарында «Флора» фирмасы да еңбек ететін болды. Қала тұрғындарын мәдениеттілікке шақыратын бұл игілікті іске барлық мекемелер мен кәсіпорындар қатысуы қажет,- деді облыс әкімі Сергей Дьяченко.
Зейнеткер Валентина Ошовская бастап келген Зеренді ауданындағы Туполевка селосының тұр-ғындары ауыз су мен мектеп жөнінде мәселе көтерді. Облыс басшысы жақын арада осы селода болып, мәселелермен жақынырақ танысатынын атап өтті.
Осы қоғамдық қабылдауда «Юность» педагогикалық отряды» облыстық қоғамдық бірлестігінің төрайымы Мария Глушковскаяның, Бұланды аудандық ауруханасының бас дәрігері Алма Нұрсадықованың және зейнеткер Валентина Усенконың көтерген мәселелеріне облыс әкімі Сергей Дьяченко қолдау көрсетті.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі