Ауыл шаруашылығы министрлігі азық-түлік нарығын реттеуге арналған кешенді шараларды әзірледі. Бұл туралы бүгін селекторлық режимде өткен Үкімет отырысында аталған ведомствоның басшысы Асылжан Мамытбеков мәлім етті.
«Атап айтқанда бірінші кезекте азық-түлік нарығын реттеу, яғни бағаны тұрақтандыру мақсаты қойылды. Біз әлемдік азық-түлік нарығындағы бағаның ауытқуымен күресе алмаймыз. Себебі, бұл біздің отандық өндірушілердің экономикасына зардап келтіреді. Сыртқы шекаралардың ашықтығы жағдайында еліміздің ішінде азық-түліктің бағасын арзандатудың мемлекеттің барлық күш-жігері кейіннен бұл арзандатылған тауарлардың көршілес елдердің шекаралас өңірлеріне өтіп кетуіне мүмкіндік жасайды. Бұл өз кезегінде экономиканың негіздеріне қарама-қайшы келеді. Барлық тауарлардың бағасы негізінен жалпы инфляциялық деңгейде өсуі тиіс»,-деді министр.
Осы орайда А. Мамытбеков министрлік тарапынан азық-түлік нарығындағы бағаны реттеуге байланысты кешенді шаралар әзірленгенін атап өтті. Бұл шаралар бірінші кезекте азық-түлік бағасының спекулятивті және негізсіз өсуіне жол бермеуге арналған. «Осы жедел шаралар үш негізгі мәселелерді көтеріп отыр. Оларды жүзеге асыру 2011-2012 жылдардың қысында тиісті нәтиже береді»,-деді ведомство басшысы.
Оның сөзіне қарағанда біріншісі, өңірлердің деңгейінде азық-түлік тауарларын тұрақтандыру қорларын құруға негізделген. «Азық-түлік нарығындағы бағаның ауытқуы маусымдық цикл бойынша жүреді. Яғни, күзде егін орағы кезінде баға төмендейді. Және бұл өз кезегінде өнім өндірушілерге шығын келтіреді. Ал, қыс және көктемде керісінше баға өсіп, тұтынушыларға шығын келеді. Сондықтан да маусымдық бағаның ауытқуын теңдестіру бойынша жергілікті деңгейде әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияларында еншілес компаниялар операторларының басқаруымен тұрақтандыру қорларын құру қажет»,-деді ол.
Екіншісі, жеміс-жидек-көкөніс өнімдерін өндіретін шаруа қожалықтарын есептелген қосымша құн салығынан босату қарастырылған. Үшіншісінде, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның өскені үшін әлеуметтік жағынан аз қамтылған халықтың бөлігіне жәрдемақы төлеу жоспарлануда.
Сонымен қатар А. Мамытбеков әкімдіктер тарапынан бағаны тұрақтандыру бойынша жұмыстар тоқтатылмауы тиіс екенін айтып өтті. Оның пайымдауынша, бұл жұмыстар әрі қарай жалғастырылуы керек.
Еліміздегі нарықтық ұстанымдардың талаптары сақталуы тиіс. Бұл туралы селекторлық режимдегі Үкімет отырысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мәлім етті.
Айта кетейік, бүгінгі Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков азық-түлік нарығын реттеуге байланысты әзірленген кешенді шараларды таныстырды. Бұл шаралар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыруға негізделген. Үкімет басшысы азық-түлік бағасының жайы еліміз үшін өте маңызды екенін айта келе, сондықтан да бұл мәселедегі негізгі бағыттар аталған кешенді шарада қарастырылғанын, сондай-ақ аталмыш бағдарламаны күшейту мүмкіндіктері әлі де бар екенін жеткізді.
Осы орайда К. Мәсімов бүгінгі отырыста бұл жобаның негізгі бағыттары қабылданып отырғанын айтып өтті. «Біріншіден, біздің еліміз нарықтық экономикаға негізделген. Сондықтан да бағаның нарықтық қалыптасуы сақталуы тиіс»,-деп атап өтті Премьер-Министр.
Сонымен қатар Үкімет басшысы еркін бәсекелестікке тоқтала келе, Қазақстан мемлекет ретінде еркін бәсекелестікке кепілдік беруі қажет екенін, себебі осы шаралар арқылы жеке кәсіпкерлік басты назарда болатынын жеткізді.
«Бұл шаралар өз кезегінде шағын және орта бизнесті ынталандыруға мүмкіндік береді. Біздің іс-қимыл жеке бизнестің өзінің өнімін ашық бәсекелестікте өткізуіне көмектесуі керек»,-деді Премьер-Министр.
Алайда, Үкімет басшысы бұл тұрғыда кемшіліктердің де бар екенін ескеріп өтті.
Үкімет отырысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов ауыл шаруашылығын субсидиялау мәселесін қарастыруды тапсырды.
«Ауыл шаруашылығы министрлігі әкімдермен бірлесе субсидиялау саласындағы мәселені тыңғылықты қарастырып шығуы тиіс»,-деді Үкімет басшысы.
Субсидиялау арқылы азық-түлік өнімдері бағасының қалыптасуына ықпал етуге болады. «Бұл жалпы пайдаланылып жүрген тәжірибе. Сондықтан да біз тиісті іс-шаралар атқару үшін бұны тағы бір зерделеп қарап шығуымыз қажет»,-деді К. Мәсімов.
ҚазАқпарат