Кеше облыс әкімі Сергей Дьяченко «Көкшетау минералды сулар» акционерлік қоғамында болып, ұжым мүшелерін кәсіпорынның 20 жылдық мерейтойымен құттықтап сөз сөйледі және акционерлік қоғамның құрылтайшысы Асқар Әлиевке құттықтау хатын табыс етті.Бұл кәсіпорын қазақ елінің тәуелсіздігімен бірге жасасып, жиырма жылғы кезеңде алыс және жақын шет елдерге де танылды.
Бүгінгі күні мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отырған бұл іргелі кәсіпорын сусын мен алкогольді ішімдіктердің ондаған түрін шығарады. Шығарылған өнім Астана, Алматы, Қостанай, Петропавл, Павлодар, Семей, Өскемен, Екібастұз және Омбы қалаларында сатылады. Еңбек ұжымының алдында құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімі Сергей Дьяченко кәсіпорынның 20 жылдық мерейтойын лайықты табыстармен қарсы алғанын атап өтті.
Өткен жылы кәсіпорын сусын шығаратын жаңа желіні іске қосып, жылына 45,3 миллион литр сусын және 1,5 миллион литр алкогольді ішімдік өндіретін қуатқа жетті. Акционерлік қоғам өндірісті кеңейту үшін жалпы көлемі 879,2 миллион теңге инвестиция салды. Еңбеккерлердің орташа айлық еңбекақысы 95 мың теңгені құрайды. 2010 жылы мемлекет бюджетіне түрлі салық түрінде 2,5 миллиард теңгеден астам қаржы құйды. Бүгінгі күні облысымыздың ірі кәсіп-орындарының бірі саналатын «Көкшетау минералды сулары» акционерлік қоғамы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде қайырымдылық шараларына да үнемі белсене қатысады. Өткен жылы 100-ден астам мекеме мен жеке тұлғаларға 20,4 миллион теңге көлемінде демеушілік көмек жасады деген облыс әкімі Сергей Дьяченко еңбеккерлердің дендеріне саулық, отбастарына амандық, еңбектеріне сәттілік тіледі. Жауап сөз сөйлеген акционерлік қоғамның құрылтайшысы Асқар Әлиев минералды сусындар нарығы бойынша әлемдік рынокта жақсы танымал кәсіпорынның алар асулары әлі алда екенін айта келе, өздеріне көңіл бөлген өңір басшысына алғысын білдірді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі