Кеше облыс әкімі Сергей Дьяченко Көкшетау қаласында өткен «Жасыл ел» студенттік еңбек және құрылыс жасақтарының жазғы жұмыс маусымның басталуына орай «Ауылдың гүлденуі-Қазақстанның гүлденуі» атты марафон-эстафетаның ашылу рәсіміне қатысып, ақмолалық жастардың қоғамдық белсенділіктерімен атқарып жүрген істеріне ризашылығын білдірді.Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен құрылған «Жасыл ел» студенттік еңбек және құрылыс жасақтары елімізді көгалдандыру, сондай-ақ, ауылдар мен қалалардағы құрылыс жұмыстарына белсене араласып келеді. Осы ретте, облысымыздың барлық аудандары мен қалаларынан еңбек жасақтарының өкілдері қатысқан бұл іс-шарада алдымен, «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы облыстық филиалының «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Тимур Ысқақов облыс әкіміне еңбек және құрылыс жасақтарының даярлығы жөнінде баяндады.
Бұл игі істің биыл да лайықты жалғасын табатынын алға тарт-қан облыс әкімі Сергей Дьяченко өз сөзінде 2011 жылы «Жасыл ел» студенттік еңбек және құрылыс жасақтарының жұмысын жандандыруға облыстық бюджеттен 10 миллион теңге көлемінде қаржы бөлініп отырғандығын атап көрсетті. Ол еліміздің болашағы - талапты жас-тардың қолында екендігін атап көрсете келе, олардың тәуелсіз елімізді жасыл елге айналдыруға сүбелі үлес қосатындарына кәміл сенетінін білдірді. Сөйтіп, жастардың жаңа маусымдағы жұмыстарына табыс тіледі.
Жалпы, өткен жылы жастарды жұмысқа тарту мақсатында «Алғабас» оқу-әдістемелік орталығында 120-дан аса студент қайта даярлау-дан өткен екен. Бұл жұмыстар биыл да одан әрі жалғасатын болады. Бүгінгі таңда елімізде 570, ал біздің облысымызда 98 еңбек жасағы құрылып, олардың қатарына тиісінше 2 мыңға жуық оқушылар мен студенттер тартылып отыр.
Сондай-ақ, салтанатты рәсімде Астрахан ауданы №1 орта мектебінің мұғалімі Жандәулет Қылышбаев, Атбасар ауданы Новосельск орта мектебінің мұғалімі Юлия Григорьева сөз алып, жастарға еңбек және құрылыс жасақтарының жаңа маусымында жаңа табыстар тілесе, «Жасыл ел» экологиялық жасағының мүшесі Айдын Ғаббасов пен «Политехник» студенттік құрылыс жасағының мүшесі Қымбат Мұхаметжанова еңбек маусымының ашылуын салтанатты түрде жария етті.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі