Кеше облыс әкімі Сергей Дьяченко Краснояр селосының іргесіндегі «Көкше-Құлагер» серіктестігінің егіс алқабында, «Нұрлы Көш» бағдарламасы бойынша салынған мекен-жайларда, Көкшетау-краснояр бағытындағы тас жол үстіндегі саяжайларда болып, көтемгі дала жұмыстарының барысы, ата-жұртқа шеттен көшіп келген ағайындардың тұрмыстық жағдайы және тұрғындардың өзін-өзі азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етуінің жай-жапсарымен тансты.Жауапкершілігі шектеулі «Көкше-Құлагер» серіктестігі 150 гектар жерге картоп, 30 гектар жерге сәбіз, қырыққабат, қызылша тәрізді дақылдар отырғызған. Тұқым негізінен Голландиядан жет-кізілген. Серіктестік басшыларының бірі Болатхан Шәкіровтың айтуына қарағанда, 120 миллион теңгенің қаржысы инвестиция ретінде құйылып отыр. Бұл танаптар бір кездегі «Краснояр» кеңшарына тиесілі егіс алқабы. Заманында осы алқаптардан 10 мың тоннаға қарайлас өнім жиналатын. Кеңес Одағы тарағаннан кейін кеңшардың да шаруасы бітіп, алқаптарды қурай басып, бос қалды. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік дақылдарды өсіруге қажетті техникаларды толығымен сатып алған. Дәл алдымыздағы суармалы егістікті Шағалалы өзенінің суымен суарып жатқан субұрқақ бір айналымында 75 гектар жерді қамти алады. Шаруашылық диқандары биылғы жылы өз есебіміз бо-йынша 4 мың тоннаға жуық өнім аламыз деп межелеп отыр.
Диқандардың ілкімді ісіне облыс әкімі С.Дьяченко жоғары баға берді.
Айтса айтқандай, қара бұйра танаптардың бойында көлденең жатқан бір бұрау жоқ. Атқан оқтай түзу танаптардағы тазалыққа қарап, оның үстіндегі шетелдік су жаңа қарқынды техникалардың алапат қауқарын бажайлап, көңілін марқаяды екен. Диқандар дән емес, болашақтың сенімін егіп жатқандай.
Аталмыш серіктестік Краснояр селосында картоп қоймасын салып жатыр. Қойманың сыйымдылығы 3 мың тонна. Садовый селосында да осындай қойма бар. Екеуін қосқанда 5 мың тоннаға тарта өнім сақталады. Облыс әкімі С.Дьяченко облыс орталығындағы тұрғындардың қажеттілігін толайым өтей алатын қауқары бар серіктестіктің бұл ісін де құптап, оң баға берді. Краснояр селосындағы астық қоймасы үш түрлі сақтау амалдарымен жұмыс істейді. Жер астындағы қойма, арнайы контейнерлер және Голландиядан жеткізілген сал-қын жел үрлегіш аспаптар. Мұндай қоймаларда жалғыз картоп қана емес, сондай-ақ сәбіз, қырыққабат тәрізді дақылдарды да көктемге дейін ойдағыдай сақтауға болатын көрінеді.
Өз ісіне мұқият серіктестік іргедегі жабық ғимараттың ішіне күзгі жиын-терінге қажетті шетелдік техникаларды мұрнынан тізіп, дайындап қойыпты. Яғни, олар жыл ішінде алмасып келер маусымдық жұмыстарға сақадай сай деген сөз.
Мұнан соң облыс әкімі «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша салынған мекен-жайларда болып, халықтың әлеуметтік тұрмыстық жағдайымен танысты. Туған топыраққа Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан және іргедегі Ресейден қоныс аударған ағайындар «Сарыарқа» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы салған тұрғын үйлерге өкпелері қара қазандай. Тұрғын үйлердің іргетасы тым жіңішке, төбе жұқа. Қыс түскенде терезелердің бәрі қырауытып, үйдің іргесін сыз жайлап кетеді. Бұл маңайда мектеп, медициналық учаске, бала бақша, дүкен жоқ. Қазір осындағы 500-ге тарта бала Көкшетау қаласындағы №1 және №3 орта мектептерге сондай-ақ, Краснояр селосындағы орта мектепке қатынап оқиды. Тұрғындар тарапынан көлік мәселесіне де көп сын айтылды. Тұрғын үйлердің қабырғалары, төбелері жұқа болғандықтан, өткен қыста тұрғындар отынды көп жаққан. Сондай-ақ, жандарын жүдетіп отырған басты мәселенің бірі жұмыссыздық. Әр отбасында тым болмаса бір адам жұмыс істесе ғой, дейді олар. Сондай-ақ, осындағы халықтың ешқайсысы тіркелмеген. Неге десеңіз, тұрғын үйлердің техникалық құжаттары жоқ. Бұл үйлер әзірше «Сарыарқа» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы есебінде.
Таяудағы екі аптаның ішінде Көкшетау қаласының балансына берілмек. Сол кезде үйдің бастапқы бағасы есептелеме ме, жоқ әлде есік-терезесі ашылып-жабылмайтын, іргесі жарылған, іргетасы отырған қазіргі құны есептеле ме? Бұл мәселе де оралман ағайындарды толғандырып отыр.
Облыс әкімі С.Дьяченко өзімен бірге ресми сапарда жүрген облыстық тиісті мекеме басшыларына қадау-қадау тапсырмалар берді. Олардың бәрі тез арада шешілуге тиісті өмірлік мәні зор проблемалар. Айталық, ауыз су, электр қуатымен қамтамасыз ету, түнгі мерзімде көшелерді жарықтандыру-бәрі шешімін табуы тиіс.
Бірқатар мәселелердің қордаланып қалғандығын білеміз, - деді облыс әкімі С.Дьяченко. - Таяуда бұл мәселені облыс әкімдігінде арнайы қарап, тығырықтан шығар жолды табамыз.
Мұнан соң облыс әкімі Краснояр тас жол бойындағы саяжайларда болды. Ұқыпты қолдың ізі бар саяжайларда алғашқы өнім құлағы қылтиып көгеріп тұр. Саяжайда жұмыс істеп жатқан зейнеткер Елена Короткова саяжайлардағы қазіргі жағдайға разы. Су ағып тұр, электр қуаты бар, көлік үзіліссіз жүріп жатыр. Одан артық не керек.
Саяжайлардың басым бөлігі иесіз қалған. Қазір барлық саяжайдың 40 пайызының ғана қожайындары бар. Ал,бос жерлерді алып, өтініш берушіге берсеңіз, бұрынғы иесі табыла кетеді. Облыс әкімі С.Дьяченко Көкшетау қаласының әкімі М.Батырхановқа бұл түйінді мәселенің заңды шешімін тауып, бір ретке келтіруді тапсырды. Сондай-ақ, саяжайлардың жол жақ бетін абаттандыру мәселесі де сөз болды.
Сапар соңында облыс әкімі халықтың саяжайда еңбек етіп, өздерін-өздері азық-түлікпен қамтамасыз етуі өте маңызды шаруа екендігіне тоқталды. Облыс орталығының тұрғындары түгелдей болмаса да, басым көпшілігі осындай пайдалы іспен айналысса, халық базарға сирек барар еді. Сонда азық-түліктің де бағасы да өспес еді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі