Облыс әкімі Сергей Дьяченконың төрағалығымен өткізілген «КазТрансГазАймақ» акционерлік қоғамының тұсаукесер рәсімінде осы кәсіпорынның Ақмола облысының елді мекендеріне газ құбырын тарту жоспары қаралып, талқыланды.Мәжілісте алдымен «КазТрансГазАймақ» акционерлік қоғамының бас-қарушы директоры Нұржан Әлібаев сөз алып, өздерінің елімізді газофикациялау ісіне қосып отырған үлестері туралы әңгімелеп берді. Бұл үлесті өте қомақты деп айтуға болады. Мәселен, қазір аталған акционерлік қоғам республикамыздағы табиғи газды тұтынатын 9 облыстың жетеуін осы өніммен қамтамасыз етіп, еліміз бойынша табиғи газ нарығының 77 пайызына иелік етіп отыр. Кәсіпорын балансында 13 мың шақырым газ құбыры бар.
Бұл күнде осы акционерлік қоғамның күшімен Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Маңғыстау облыстарында қолда бар газ құбырлары жүйелерін қайта жаңарту жұмыстары қолға алынған. Оларда атқарылып жат-қан істер миллиардтаған теңгемен өлшенеді. Республикада осы салада үлкен бедел жинап, Үкімет қолдауына ие болып отырған ауқымды өндіріс орнының осыдан кейін Ақмола облысына да табиғи газ құбырын тарту жұмыстарын жоғары деңгейде жүргізе алатындығына айқын көз жете түскендей.
Кейбір мәселелері Үкімет деңгейінде шешілуін тілейтін бұл жоба шамамен 2013 жылы қолға алынып, 2015 жылдың аяғына қарай іске асырылады деген болжам бар. Қостанайдан бері тартылатын бұл газ құбыры Зеренді, Көкшетау, Бурабай курортты аймағын қамтып, Астанаға дейін жеткізілмекші. Өз кезегінде жобаның Көкшетаудан Петропавлға дейінгі екінші кезегін де жүзеге асыру қарастырылып отыр. Осының арқасында Ақмола облысы бойынша барлығы ірілі-ұсақты 292 елді мекен табиғи газдың игілігін көріп, әлеуметтік жағдайлары жеңілдей түседі. Мұның өзі әсіресе, жаппай газ баллондарымен отырған Көкшетау қаласы үшін өте-мөте маңызды екені айтпаса да түсінікті.
Мәжіліс барысында осы мәселеге байланысты облыстағы қатты отынмен жағылатын бу қазандықтарын түбінде табиғи газға лайықтап, қайта жабдықтаудың жайы да назардан тыс қалмады. Бұл жөнінде облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы бастығының орынбасары Ғ.Ш.Әмрин, тағы басқалары өз ойларымен бөлісіп, кейбір ұсыныстарын ортаға салды. Сөйтіп, Үкіметтің көмегі және облыстың өз бюджеті, сондай-ақ, бас мердігер - «КазТрансГазАймақ» акционерлік қоғамының қаржысы есебінен жүзеге асырылатын бұл жоба өңірімізде ел игілігі үшін тағы бір үлкен істің қолға алынатындығына сүйсіндіріп тастады.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі