Ақмола облысының әкімі Сергей Дьяченконың төрағалығымен өткізілген әкімдік мәжілісінде 2011 жылдың жазғы маусымында балалар мен жасөспірімдердің демалысын, сауықтырылуын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру мәселелері қаралып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысы талқыланды.Облыс әкімі С.А.Дьяченко әкімдік мәжілісінде алдымен балалардың жазғы демалысын өткізуді жоспарлау жұмыстарының дұрыс ұйымдастырылуын айта келіп, мұның баршамызға үлкен жауапкершілік жүктейтіндігін айтты.
Облыстық білім басқармасының бастығы Марат Ыбыраев облыстағы балалар мен жасөспірімдердің жазғы демалысына арналған 37 сауықтыру демалыс нысаны жұмыс істейтіндігін айта келіп, Аршалы ауданының «Орленок» балаларды сауықтыру орталығының жабылуына байланысты өткен жылғы көрсеткіштен бір нысанға кемігенін түсіндіріп өтті. Егер өткен жылы 41257 бала сауықтыру орталығында дем алса, биыл жоғарыда аталған жағдайға сәйкес жоспар бойынша демалыс және сауықтырумен қамту 40003 бала мен жасөспірімді ғана құрап отыр. Облыста 638 мектеп болса, оның 411-інде тамақпен қамтитын мектеп жанындағы лагерьлер жұмыс істейтін болады. Ал, қала сыртында орналасқан сауықтыру орталықтарында 7472 оқушы демалады.
Мектеп оқушыларының жазғы демалысы уақытында жұмыспен қамту шараларын жүргізу де көп жылдардан бері алға қойылған. Мәселен, «оқушыларды еңбекпен қамтудың мейлінше тараған түрі - мектеп ауласын көгалдандыру мен абаттандыру, құрылыстық-жөндеу жұмыстары, мектеп орманшылығы» деп атап көрсетті басқарма бастығы М.Ыбыраев.
Жетім балалар мен ата-аналардың қамқорлығынсыз қалған балаларға ар-налған білім беру ұйымдарындағы мыңнан аса тәрбиеленуші қаладан тыс, мектеп жанындағы лагерьлер мен балалар үйінің жанындағы саяжайларда жұмыспен қамтылады деп жоспарлануда. Облыстағы 3 балалар үйінің тәрбиеленушілері жазғы демалысты өздерінің жазғы лагерьлерінде, атап айтқанда, Ақкөл балалар үйі -«Рассвет», Сандықтау - «Ру-чеек», Есіл- «Қарлығашта», ал Жолымбет, Степногорск, Урюпинка балалар үйлерінің 312 тәрбиеленушісі «Звездный» балаларды сауықтыру орталығында өткізетін болады. Отырыста сондай-ақ, балалар орталықтарындағы тазалық, қауіпсіздік шаралары мен балалардың денсаулығын қадағалау қызметтері де талқыланды.
Бұдан әрі әкімдік мәжілісінде Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша бас-қарма бастығының -тәртіптік кеңес төр-ағасының міндетін атқарушы М.Құлмағанбетов «Мемлекеттік қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңы және «Мемлекеттік қызметшілердің Ар-намыс кодексі жөніндегі» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығын облыста жүзеге асыру барысы туралы баяндама жасады. 2011 жылдың 1 сәуіріндегі анықтамаға жүгінер болсақ, облыстағы 662 мемлекеттік органдарда мемлекеттік қызметшілердің 5839 лауазымы бар. Оның ішінде 5583-інің лауазымы ауыстырылса, 256 қызмет орны бос көрінеді. Жұмыс сапасын тексеру барысында анықталған олқылықтар тәртіптік кеңесте талқыланып, мемлекеттік қызметкерлер арасында заң бұзғандары қызметінен босатылған.
Мәжіліс соңында облыс әкімі Сергей Дьяченко қала, аудан әкімдерімен байланысқа шығып, ел экономикасын дамытуда іске асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар, мал шаруашылығы, көктемгі егіс және басқа да әлеуметтік салалар бойынша тапсырылған жұмыстар жөнінде талап қойып, олқылықтарға жол бермеуді тапсырды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі