Кеше облыс әкімі Сергей Дьяченко Ақмола облысының мұрағаттары мен құжаттамалар басқармасында өткізілген ашық есік күніне қатысып, ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай ұйымдастырылған көрмені аралап көрді.«Мұрағат қағаздар қоймасы емес, ол тарихи жәдігерлердің қайнар көзі»-деп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, көрмені тамашалауға келгендер мұрағат қоймаларын аралап, тарихи жәдігерлермен танысты. Өңіріміздегі аталмыш мұрағат қызметі 1923 жылдың күзінде қолға алынған болатын. Содан бері талай заман өтіп, атауы бірнеше рет өзгертілген бұл мекеме қазір «Ақмола облысының мұрағаттар мен құжаттамалар басқармасы» мемлекеттік мекемесі деп аталады.
«Құрамы отыз адамнан тұратын басқармада бүгінде 8 қойма, 1500 сақтау қоры мен жарты миллионға жуық құжаттар бар»,-дейді мұрағат директоры Александр Положенцев. Солардың ішіндегі ең көне жәдігер 1724 жылғы құжаттың көшірмесі болса, ең ескі құжаттың түп нұсқасы 1862 жылдан бастау алады. Көненің көзі болып есептелінетін, өңір тарихынан сыр шертетін мұрағат қызметімен танысқан облыс әкімі мекеме жұмысына оң баға беріп, алдағы уақыттағы еңбектеріне жеміс тіледі.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі