Көкшетауда өткен Қазақстандағы Еуропа күні сәтті әрі мазмұнды аяқталды. Еуроодақ өкілдігі және Еуроодаққа мүше елдердің елшіліктерімен бірлесіп өткізілген бұл шара барысында облыс әкімі Сергей Дьяченко Қазақстандағы Еуроодақ өкілдігінің басшысы, жоғары мәртебелі елші Норбер Жустен бастаған Еуроодақтың елшілерін және елші міндетін атқарушыларын қабылдады. Ыстық ықыласты жағдайда өткен бұл қабылдауда облыс әкімі С.А.Дьяченко Еуроодақтың елшілерін Ақмола облысының тарихымен, әлеуметтік-экономикалық жағдайымен қысқаша таныстырып өтті.
Біздің өңір пайдалы қазбалары жөнінде республика бойынша алдыңғы қатарда тұрған өңірлердің бірі. Қазір алтын, уран, темір өндіру қарқынды жүргізіліп жатыр. Облыстың экономикалық құрылымында тау-кен өндірісі 13,2 пайызды құрайды, - деді облыс әкімі өз сөзінде.
Қараөткел мен Көкшетаудың арғы-бергі тарихын айта келіп, ол өзінің сөзінде қазір Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес индустрияландыру жұмыстары жүргізіліп жатқандығын алға тартты. Биылдың өзінде жалпы құны 16 миллиард теңгенің 12 жаңа нысандары іске қосылмақшы. Астана қаласының азық-түлік белдеуін жасау, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағыттал-ған әлеуметтік құрылымдарды дамыту жұмыстары қар-қынды жүргізіліп жатыр. Етті мал шаруашылығын дамыту жоспары бар. Сонымен бірге, облыста шағын және орта бизнестің жалпы үлес салмағы жыл сайын өсіп келеді. Қазірдің өзінде 27800 шағын және орта кәсіпкерлік нысандары тіркеліп, жұмыс істеп жатыр. Өңірдің денсаулық сақтау, білім беру салалары да бүгінгі күннің талаптарына сай өркендетілуде.
Біздің бүгінгі кездесуіміз Қазақстанның, соның ішінде біздің облысымыздың да Еуроодақ елдерімен сауда экономикалық және мәдени байланыстарды одан әрі нығайтуға септігін тигізер деген ойдамын, - деді облыс әкімі С.А.Дьяченко.
Қазақстандағы Еуроодақ өкілдігінің басшысы, жоғары мәртебелі елші Норбер Жустен сөз алып, жылы жүзді кездесу ұйымдастырып отырылғандығы үшін шынайы ризашылығын білдірді.
Біз Еуроодаққа мүше елдер Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық саладағы қол жеткізген табыстарын жоғары бағалаймыз. Қазақстан оның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен әлемдегі беделді мемлекетке айналғандығына сүйсінеміз. Қазақ елі мен Еуро елдері арасындағы байланыс жыл сайын нығайып келеді, - деп Норбер Жустен мырза Көкшетауда Қазақстандағы Еуропа күнінің аса табысты өтетіндігіне өзінің сенімін білдірді. Бүгінгі Еуропа күні алдағы уақытта біздің барлық саладағы қарым-қатынасымызды бекітіп, нығайта түсетіндігі де сөзсіз.
Тұңғыш рет Еуропа күні елімізде 2000 жылы өткізілген болатын. Бұрнағы жылдары ол Астана, Алматы, Қарағанды және Павлодар қалаларында атап өтілсе, биыл айтулы мерекені қарсы алу кезегі біздің қаламызға бұйырды.
Еуропа Одағының құрылу тарихына арналған бұл мерекеде алдымен облыс әкімі Сергей Дьяченко сөз алып, мәртебелі меймандарға қасиетті Көкше жеріне келіп, Еуропаның мәдениеті мен салт-дәстүрін танытқандары үшін шын көңілден ризашылығын білдіріп, жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтады. Бұдан кейін Қазақстандағы Еуроодақ өкілдігінің басшысы, жоғары мәртебелі елші Норбер Жустен Қазақстан мен Еуропа арасындағы бұл ынтымақтастық жалпыға ортақ бейбітшілікке, гүлдену мен әл-ауқаттың артуына апаратын сара жол екендігін айта келіп, ақмолалықтардың қонақжайлығы мен ақжарма ниеттеріне тәнті болғанын да жасырмады.
Бұл күні Тәуелсіздік алаңы еуропалықтардың павильондарына толы болды. Онда әсіресе, жастарға Еуропаның озық университеттері жайлы мағлұматтар беріліп, шет елде тегін оқуға байқау ұйымдастырылды.
Сондай-ақ, жиналған жұрт-шылық «Еуролоторея» атты тегін жүлде ұтысына қатысып, бағалы сыйлықтарға да ие болды. Іс-шара барысында жергілікті тұрғындар меймандармен шет тілінде әңгіме-дүкен құрды. Олардың мәдениет, өнер жайлы пікірлерінде де ортақ үндестіктің жат-қандығы айқын байқалып тұрды.
Мерекелік концертте жер-гілікті өнерпаздармен қатар, Астанадан келген жас таланттар да қазақ, орыс және еуропалық нақыштағы әндерді шырқап, жұртшылыққа тамаша көңіл-күй сыйлады.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі