Көкшетауда облыс әкімі Сергей Дьяченко 31 мамыр-Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған «Ғасырлар жырлайды» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясының жұмысына қатысып, сөз сөйлеп, жазықсыздан-жазықсыз миллиондаған адамадарға қасірет бұлтын үйіріп, өмірлерін қиған мұндай зұлматтың енді жер бетінде қайталанбауының маңыздылыына тоқтала келе, бүгінгі ұрпақ жастай солған сол жасампаз тұлғалардың аруағы алдында мәңгі бақи қарыздар екендігін ерекше атап өтті. Конференция жұмысына Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, академик, философия ғалымдарының докторы, профессор Ғарифолла Есім және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Отырар кітапханасының директоры, танымал жазушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбай қатысып, сөз сөйледі. Конференцияға қатысушылар сталиндік зұлматтың қанды шеңгеліне тап болған саяси қуғын-сүргін құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алып, «АЛЖИР-дің сұрапыл суығы» атты деректі фильмді көрді. Одан әрі сөз кезегі Ақмола облысының әкімі Сергей Дьяченкоға берілді.
Бүгін барлық қазақстандықтар саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алып, өткен тарихымыздың қаралы беттеріне өздерінің бағаларын беруде,-деді облыс әкімі өз сөзінде. Біздің еліміз үшін бұл күн ерекше маңызға ие. Бүкіл Қазақстан бойынша сол кезде тоталитарлық жүйенің сойылын соққан 953 лагерь пайда болып, оларда тек 1937-1938 жылдары ғана 100 мыңнан астам адам жазықсыз жаланың құрбанына айналды. Олардың 25 мыңға жуығы атылды.
Бұл зұлмат біздің Ақмола өңірін де айналып өткен жоқ. Біздің облыстың аумағында көп жерлерге белгілі АЛЖИР лагерінің болуы әлі күнге жанымызды аяздай қариды. Сол бір қасіретті жылдары бір ғана Ақмола облысында жазықсыздан жазықсыз 5400 адам әртүрлі мерзімге лагерьлерге қамалып, 1640 адам ең жоғары үкім-ату жазасына кесілді.
Облыс әкімі осыны айта келе, бүгінгі таңда тәуелсіз елімізде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың салиқылы саясатының арқасында тарихтағы ақтандақтарды қайта қалпына келтіру, саяси қуғын-сүргін құрбандарын мәңгі ел есінде қалдыру орайында көптеген жұмыстардың атқарылып жатқандығына тоқталды. Ендігі арада біздің балаларымыз бен немерелеріміз, шөберелеріміз өздерінің жарқын келешегі үшін бәріне де көнген, төзген, тіпті, жазықсыздан-жазықсыз сталиндік зұлматтың құрбанына айналған сол бір аға ұрпақ өкілдерін ешбір естен шығармаулары тиіс.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі