Облыс әкімі Сергей Дьяченконың төрағалығымен өткізілген кеңесте өңірде 2011 жылы іске қосылады деп жоспарланған инвестициялық жобалардың жүзеге асыру мәселелері қаралып, талқыланды. Индустриаландыру картасына 638,6 миллиард теңгенің 27 инвестициялық жобасы енгізілген. 554,6 миллиард теңгенің 11 жобасы республикалық индустриаландыру картасына, 84,1 миллиард теңгенің 16 жобасы аймақтық индустриаландыру картасына енгізілген. Биылғы жылдың бірінші жарсында 5,8 миллиард теңгенің 5 инвестициялық жобасы іске қосылады деп жоспарланып отыр. Олардың ішінде республикалық индустриаландыру картасына енгізілген 2500 бас ірі қара ұстайтын бордақылау алаңы бар «Щучинск сүт заводы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сүт өңдейтін кәсіпорны, аймақтық индустриаландыру картасына енгізілген қағаз сүлгілер шығаратын «ASAD company" серіктестігінің кәсіпорны, пластикалық құбырлар шығаратын «Арыстан» Степногорск құбыр заводы» ЖШС-і, «Даржан Групп» ЖШС-інің диірмен кешені, 14,6 мың тонна астық сақтайтын «Зеренді астық сақтау кәсіпорны» ЖШС-інің қоймасын салу сияқты облысымыздың экономикасын дамытуға серпін беретін жобалар бар.
Биылғы жылдың екінші жарты жылдығында 9,4 миллиард теңгенің 6 инвестициялық жобасы пайдалануға берілмекші. Бұл - «KazBeefLtd» ЖШС-інің республикалық индустриаландыру картасына енгізілген екі асыл тұқымды мал шаруашылығының негізінде 5 мың бас ірі қараға арналып салынатын бордақылау алаңы, 2700 бас ірі қараға арналған «Острогорск» ЖШС-інің мал бордақылау алаңы, «Родина» агрофирмасы» ЖШС-інің жұмыс істеп тұрған сүт өндіру кешенін жаңғырту, «SC Food» ЖШС-інің ірі қара мен жылқы тұқымын асылдандыру бағытындағы көп салалы кешені. Биылғы жылдың екінші жартсында жүзеге асатын аймақтық индустриаландыру картасына енгізілген жобалардың арасында Новоднепровск кенішінен құрамында алтыны бар кен өндіретін «Голд Ленд» серіктестігінің кәсіпорны, «Урожай» ЖШС-інің диірмен кешені бар.
Бүгінгі күні биылғы жылдың екінші жартсында жоспарланған жобаларды маңыздандыру мақсатындағы толықтыру жұмыстары жүргізілуде. Ол жобалардың ішінде «Ерназаров» ЖШС-і, «Астрахан құсы», «Еңбек» серіктестіктерінің және Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорны, сондай-ақ, «Бұланды астық», «Он олжа» серіктестіктерінің жобалары бар. Жобалардың маңыздылығын арттыру арқылы олардың саны 16-ға жеткізілмекші.
Кеңесті қорытындылаған облыс басшысы Сергей Дьяченко мемлекеттік орган басшыларына бұл маңызды инвестициялық жобаларды құжаттандыру және жүзеге асыру барысында ешқандай бюрократтық кедергілерге жол берілмеу қажеттігін қатаң тапсырды. Облыс әкімінің баспасөз қызметі.