Облыс әкімі Сергей Дьяченконың төрағалығымен өткен тұрғын үй-коммуналдық жүйесін жаңғырту мәселесіне арналған кеңеске Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Нұрлан Алдабергенов қатысып, қуат үнемдеудің тарифтік саясатқа тигізетін әсері жайлы баяндап берді.Облыс басшысы жоғары технологиялы жаңа өндіріс орындарының ашылуы, халық санының артуы қуат ресурстарын пайдалану көлемінің өсуіне әкеп соқтырғанын, осыған орай бүгінгі күні қуат үнемдеу мәселесінің өзекті болып отырғанын атап өтті. Бұл жөнінде Елбасымыздың биылғы жылғы Қазақстан халқына арнаған Жоладуында және 17 сәуірде өткен Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген мәжілісінде аталып өткен болатын. Мемлекет Басшысы тұрғын үй-коммуналдық саласының шығындарын азайту және қуат үнемдегіш технологияны енгізу жөнінде тиісті шараларды қолдануды тапсырды. Елбасының осы тапсырмасын орындау мақсатында 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту жөніндегі бағдарлама жасалды. Осы бағдарламаның шеңберінде тұрғын үй-коммуналдық саласында қызмет ететін табиғи монополия субьектілері есептегіш құралдарды орнатуға ынталандыру үшін жылу мен суға арналған реттелген тарифтерді енгізді. Бұл шара қуат үнемдеуге үлкен игі әсерін тигізетіндігін тәжірибе анық көрсетіп отыр. Облыс әкімі Сергей Дьяченко баршамыз үшін маңызы зор 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған тұрғын үй-коммуналдық саласын жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыру бағытында әлі атқарылар істердің көп екендігін атап өтті. Кеңес барысында талқыланған мәселеге байланысты өзара пікір алысулар мен ұсыныстар ортаға салынды. Облыс әкімінің баспасөз қызметі.