Кеше, облыс әкімі Сергей Дьяченко Көкшетау қаласындағы «Бурабай» спорт сарайында өткен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне арналған «Менің Қазақстаным» IV патриоттар форумына қатысып, барлық ақмолалықтарды мерекемен құттықтап, Тәуелсіздігімізді айқындап, елдігімізді танытатын Мемлекеттік рәміздердің маңыздылығы жайында кеңінен толғай сөз сөйледі.Бұдан кейін іс-шаралар легі облыс орталығындағы Тәуелсіздік алаңында өз жалғасын тауып, онда жиналған жұртшылық Қазақстан Республикасы ішкі әскерінің ән-би ансаблі ұсынған патриоттық сарындағы концертін тамашалады.
Бұл салтанатты іс-шарада алдымен, Көкшетау техникалық институтының курсанттары, «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы «Жас Отан» жастар қанаты облыстық филиалының белсенділері мен «Шоқан» клубының мүшелері Мемлекеттік Туды көтеріп, бұдан кейін әуезді Мемлкеттік Әнұран шырқалды. Осы арада облыс әкімі Сергей Дьяченко құттықтау сөз айтты.
Еліміздің қазіргі таңдағы дамуының басым бағыттарының бірі ұлттық патриотизмді қалыптастырып, азаматтық жауапкершілік пен қоғамның рухани бірлігін нығайту болып табылады. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері-халқымыздың сан мыңдаған ғасырлық арманы мен ғұмырлық мақсатының басты өлшемі,- деп, бұл іс-шаралардың мемлекеттік рәміздерді ұлықтау бағытындағы танымдық, қоғамдық мәнін айта келіп, ел нышандарын құрметтеу мен қолдану аясын кеңейте түсуге бірлесіп күш салуға шақырды. Өз кезегінде облыс әкімі Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігінің атынан бірқатар ақмолалық патриоттарды «Бірлігі жарасқан» белгісімен марапаттады.
Сондай-ақ, мерекелік іс-шарада Ақан-сері атындағы Көкшетау мәдениет колледжінің студенті, облыстық байқаулардың екі мәрте жүлдегері Айдана Есекеева, «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы «Жас Отан» жастар қанаты облыстық филиалының белсенді мүшесі, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Олжас Сәбижан, Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясы жастар бірлестігінің төрайымы Дина Галлямова сөз алып, жиналған жұртшылыққа «Менің елім», «Атамекен» әндерін тарту етті.
Осылайша патриоттық сарындағы мерекелік концерт облыс орталығындағы Тәуелсіздік алаңында жалғасты. Осы арада, Қазақстан Республикасы ішкі істер министрлігі ішкі әскерлері комитетінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі басқармасының бастығы, полковник Мұхамедқали Сатов патриоттық әндердің азаматтарды отансүйгіштікке тәрбиелеп, әскер қатарындағы жауынгерлерімізге рух берудегі ерекше рөлін атап өтіп, аталған ансамбльді зор ықыласпен қарсы алған ақмолалықтарға ризашылыған білдірді. Іс-шара соңы отшашуға ұласты.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.