Кеше облыс әкімі Сергей Дьяченко Целиноград және Қорғалжын аудандарында болып, осы өңірлердің жекелеген әлеуметтік және өндірістік нысандарын аралап, еңбек ұжымдарымен кездесіп, алда тұрған маңызды міндеттер жайлы айтып берді. Ақмол ауылында жаңа құрылыс салуға бөлінген жер учаскелерін көрген облыс басшысы жылу қазандығының құрылысымен, су айырғыш желіні күрделі жөңдеудің барысымен танысты. 300 балаға арналып, іске қосылған бала бақшаның тыныс-тіршілігін көрді. Монша,кір жуу комбинатының құрылысына назар аударды.
Облыс әкімі С.А.Дьяченко Ақмол ауылын аралаған кезде елді мекенді көркейтіп көгалдандырудың жайына айрықша көңіл бөлді. Және де тұрғын үй құрылысы үшін жер бөлуге уақытша жариялаған тоқтам салудың қалай жүзеге асырылып жатқандығын қадағалады. Бұл мәселелердің барлығы аудан активі және аудандық мәслихатының депутаттары қатысатын кеңесте сөз болды. Облыс әкімі С.А.Дьяченко Елбасының тапсырмасымен Ақмол ауылының және тұтас Целиноград ауданының дамытылуының стратегиялық бағыты белгіленгендігін алға тартты. Ендігі арада бәріміз болып атқарылатын іске барынша жауапкершілікпен қарауға міндеттіміз деді.
Облыс әкімі С.А.Дьяченко Қорғалжын ауданының Сабынды ауылында болды. Бұл ауылда салынып іске қосылған мешіт пен медресені көрді. Дәмхана салынып жатыр. Ауылдың көшелері мен үйлерін көркейту жұмыстары жүргізілуде. «АстанаАгропродукт» ет комбинатының жұмысымен танысып, кәсіпорынды дамытудың және мал семірту алаңын іске қосудың мүмкіндіктері сөз болды.