Кеше облыс әкімі Сергей Дьяченко күрделі жөндеуден өткізіліп жатқан Көкшетау әуежайы мен құрылысы күн санап қарқын ала түскен Көкшетау-Петропавл күре жолын, қала көшелері мен орталық саябақты, сондай-ақ, бірқатар өнеркәсіп орындарын аралап көріп, облыс орталығын көркейту және әлеуметтік - өндірістік қуатын арттыру бағытындағы жұмыстардың барысымен танысты, тиісті орындарға осы мақсаттарға бөлініп отырған қаржының тиімді жұмсалуы жөнінде нақты тапсырмалар беріп, жаңа міндеттер жүктеді.
Облыс әкімі Сергей Дьяченко Көкшетау қаласының әуежайында болып, жүргізіліп жатқан қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысты. «Құлагер» құрылыс корпорациясы филиалының директоры Қайрат Имақовтың айтуынша, бүгінгі таңда әуежай вокзалы, ұшып-қону алаңы мен қосалқы ғимараттардың құрылысы жүргізілуде. Алаңның ұзындығы 2800 метр, ені 65 метрге ұлғайтылды. Қазір жоспарланған жұмыстың 35 пайызы орындалып, 1,6 миллиард теңге қаржы игеріліпті. Биыл 4,2 миллиард теңгенің жұмысы атқарылмақшы.
Қазір мұнда жергілікті жерлерден 400 адам жұмыс істеп, уақытында еңбекақыларын алып жүр. Олар үшін барлық жағдай жасалған екен. Әуежай вокзалының қасбеті салынған. Бергі қабырғасы толық әйнекпен жабылады. Өзге қабырғалары да жаз айларында салынып болады.
Бұдан соң облыс әкімі Сергей Дьяченко «ASSAD company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қағаз салфеткасын өндіретін зауытына ат басын тіреді. Серіктестік құны 130 АҚШ долларына бағалан-ған конвейерлі қондырғы сатып алған. Шикізат қоры баршылық. Осы айдың соңында зауыт пайдалануға берілмекші. Әзірше мұнда 7 адам жұмыс істейді. Мұнда жылына жалпы саны 5,4 миллион дана қағаздан жасалған орамал мен салфетка өндірілетін болады.
Облыс әкімі осы жолы Көкшетау-Петропавл бағытындағы күре жолды қалпына келтіру жұмыстарымен танысты. Бұл жұмысты «Көкшетау жолдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқаруда. Жалпы, серіктестік 203 адамды жұмыспен қамтамасыз еткен. Қазір қала әуежайына баратын төрт жолақты жол жаңадан салынып жатыр.
Бұдан кейін өңір басшысы ауған соғысында қаза тапқан жерлес жауынгерлердің ескерткішінің айналасында жүргізіліп жатқан қайта қалпына келтіру жұмыстарының барысына назар аударды. Мұндағы жұмыстарды Абай Хусайынов басқаратын «Көкше-құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолдарына алған. Бүгінгі күні М.Горький көшесі бойындағы су құбырларының жүйесін қалпына келтіру және осындағы күре жолды күрделі жөндеуден өткізу жұ-мыстары жүргізілуде. Өңір басшысы осы жұмыстардың қарқынын сынға алды. Бұдан соң ол облыс орталығының Бурабайға шығар жолдағы қақпасы болып табылатын жаңа стелла мен қайта сомдалып жатқан Құлагердің мүсінін сын көзінен өткізіп, нақты тапсырмалар берді. Облыс әкімінің «Зеленстрой» серіктестігі мен орталық қалалық саябақтағы жұмыстарды саралауы да қала көркіне өзіндік үлес болып қосылатындығы анық.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі