Кеше, 10 маусымда, жұма күні Қорғалжын ауданының Сабынды ауылында мешіт ашылды. Бұл қуанышты салтанатқа Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Бас Мүфтиі, Орта Азия Мүфтилер кеңесінің төрағасы Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі хазірет қатысып, қалың елге салауат айтты. Ақмола облысы әкімінің орынбасары Асхат Қайнарбеков өз сөзінде ауыл халқын облыс әкімі Сергей Дьяченконың атынан құттықтап, дініміз ел бірлігін сақтауға қызмет етуі қажеттігін атап көрсетті.
Сабындыдағы бұл мешітті салып, жамағаттың игілігіне жаратуға сыйлаған осы елдің тумасы, кезінде аудандық және облыстық деңгейде түрлі жауапты қызметтер атқарған білікті басшы, шебер ұйымдастырушы Жақсыкелді Хамитжановтың балалары. Сол балалар, қазіргі уақытта елінің білікті азаматтары өз аналары Бикен апайдың ақылымен арнайы қайырымдылық қорын ашып, түрлі игі шараларға бастамашы болып жүр. Бүгінгі Сабынды ауылында ашылған «Мешіт-медресе» кешені соның бір дәлелі.
Хамитжановтар отбасы өз қаржыларына салынған бұл кешенді орталық мешіттің Ақмола облыстық бөлімшесіне тіркеп, қайтарымсыз тапсырады. Медресеге оқушылар қабылдау мен оқу барысын «Астана-Медресе» жүзеге асырады. Ал, медреседе оқитын 70 оқушыға кететін шығынды Хамитжановтар отбасы, ағайын-туыстары, достары, пікірлестері өз мойындарына алады.
Дінімізге, ділімізге деген шынайы сүйіспеншілік, мейірімділік осындай болса керек.
–Ислам біздің дініміз ғана емес, шынтуайтқа келсек мәдениетіміз,–деді мешіттің ашылу салтанатында Бас Мүфтиіміз Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі. –Ашығын айтсақ, бүгінде елімізде түрлі ағымдар бой көтере бастады. Тіпті, исламның атын жамылып, түрлі келеңсіз көріністерге бой алдырып жүргендер де бар. Шын Исламның нағыз таза, адамзатты мейірімділікке, имандылыққа бастайтын ізгі жол екендігін барша жамағаттың түсінгені абзал. Бүгін міне, бұл игі шараға халық көп жиналған екен. Тек кейіннен мешітке келушілер қатары саябырсып қалмаса екен деген тілегім бар.
Мешіт-медресенің ашылуында сөз сөйлеген еңбек ардагері Сайлаубек Серікұлы Қамиев, мешітті салған Хамитжановтар атынан сөйлеген Бикен апай және басқалар да жиналған жұртшылықты жаңа «Мешіт-Медресе» кешенінің ашылуымен құттықтап, игі лебіздерін білдірді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі