Өткен сенбі 11 маусымда Ақмола облысының әкімі Сергей Дьяченко татар ұлттық мәдени орталығы өткізген «Сабантой» мейрамына қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
Қазақстанды мекендеп отырған барлық ұлттар мен ұлыстардың татулығы мен бірлігін сақтау басты әрі маңызды міндеттердің бірі екендігін атап көрсетіп, осы орталықтың белсенділеріне алғыс хаттар мен ескерткіш сыйлықтар тапсырды.
Көктемгі егіс жұмыстары тәмамдалып, жер-ана масатыдай құлпырған тұста аталып өтілетін татар халқының ұлттық мерекесі Сабантой өңірімізде жылдағыдай есте қаларлық ерекше сән-салтанатымен аталып өтті.
Мейрам қызығын тамашалауға жұрт Краснояр селосына көптеп жиналды. Татар халқының ұлттық ойындары мен әндері мерекенің көрігін қыздырды.
–Ұлт пен ұлысты ұйыстыратын, тағылымы мен тәлімі зор бұл мереке тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында, сондай-ақ, татар халқының көрнекті қоғам қайраткері, жазушы Ибрагим Салаховтың 100 жылдығына орай ұйым-дастырылып отырғандығы көңілге қуаныш ұялатады. Қазақстанның басты байлығы –халықтар достығы. Бұл Елбасымыздың сындарлы саясатының жемісі. Жүздеген ұлт пен ұлысқа қоныс болған еліміз жылдан-жылға өркендеп өсе берсін! Бүгінгі өткізіліп отырған бұл мереке–еңбек мерекесі. Бұл – бірлік мерекесі! Сабантойға қош келдіңіздер,–деп жиналғандарға өзінің жүрекжарды тілегін жеткізген облыс әкімі С.А.Дьяченко татар мәдени орталығының белсенді мүшелеріне алғыс хаттармен, ескерткіш сыйлықтар табыс етті.
Биылғы Сабантойдың басты ерекшелігі ол балаларға арналып отыр. Кішкентай бүлдіршіндерге Сабантойдың тарихы жөнінде, татар халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы туралы кеңірек мағлұмат беру мақсатында өткізілген бұл шарада әсем ән әуелеп, шұғылалы би шуақ шашты.
Концерттік бағдарламаға Көкшетау қаласындағы орта мектеп оқушылары, сондай-ақ, Краснояр селосындағы барлық өнер ұжымдары тартылды. Ибрагим Салахов атындағы жүлде спорттық ойындар барысында сарапқа салынды.Тартысты ойындар-ға тек қана балалар қатысты.12,14,16 жас аралығындағы балалар арасында татар күресі өтті. Арнайы жүлдені жерлес жазушы И.Салаховтың бүгінгі ұрпақтары табыс етті. Гір тасын көтеру, қол күрестіру, қаппен жүгіру, қасықпен жүгіру, арқан тарту сияқты спорттық ойындар, мерекені жандандырды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі