Облыс әкімі Сергей Дьяченконың төрағалығымен өткізілген аппарат кеңесінде балық шаруашылығын дамыту, биылғы жылғы ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындылары туралы мәселелер қаралып, талқыланды.
Бүгінгі күні облысымыздың аумағында балық шаруашылығын дамытуға арналған 103225 гектар аумақты алып жатқан 493 су көздері бар. Олардың 345-і табиғатты пайдаланушыларға бекітіліп берілген. Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен жыл сайын осы су көздерінен аулануға тиісті балық мөлшері белгіленеді. Өткен жылы облысымыздағы өзен-көлдер мен тоспалардан 906,3 тонна балық аулануға рұқсат етілсе, биыл бұл көлем 770 тоннаны құрап отыр.
Облысымызда екі балық питомнигі бар. Оның біріншісі «Көкшетау» ұлттық мемлекеттік табиғат паркінің аумағындағы Зеренді балық орталығы болса, екіншісі Майбалық балық питомнигі. Алғашқысы жылына 80 миллион дана балық ұрығын өсірсе, екіншісінде 45-50 миллион дана балық өсіріледі.
Өзен-көлдердегі балықты ен жатқан байлық сияқты көретін браконьерлер қай жерден де кездеседі. Өткен жылы балық инспекторлары заңсыз балық аулағандардың үстінен 239 әкімшілік іс қоз-ғап, 793 балық аулайтын ауды тәркілеген. Ал, биылғы жылдың өткен бес айы ішінде 92 хаттама толтырылып, 381 мың теңге айыппұл салынды және 237 балық аулайтын құралдар тәркіленді.
Биыл облыс бойынша 4421 мектеп бітіруші түлектер ұлттық бірың-ғай тестілеу тапсырды. Бұл барлық мектеп бітірушілердің 77,4 пайызы. Өткен жылы тестілеуден өткендер қатарының 77,1 пайыз болғандығын ескерсек, оған қатысуға тілек білдіруші оқушылар саны аздап өскендігін көреміз. Облыс бойынша мектеп бітірушілердің тестілеуден алған орташа көрсеткіші 81,9 балл болып отыр. Бұл өткен жылға қарағанда 2,3 пунктке жоғары. Ең жоғары балға Көкшетау қаласындағы жалпы білім беретін оқы орындарын бітірушілер қол жеткізсе, Степногорск қаласы, Атбасар, Зеренді, Ақкөл ауданының түлектері де біршама жоғары деңгейден көрінді.
Кеңесте қаралған барлық мәселелер бойынша облыс әкімі тиісті ұйымдар мен мекемелердің басшыларына нақты тапсырмалар берді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.