«Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы Ақмола облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Сергей Дьяченко азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, олардың өтініш-тілектерін шешуге нақтылы тапсырмалар берді.
«Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы Ақмола облыстық филиалының ғимаратында өткен бұл қабылдауға келген азаматтардың көпшілігі өздері тұрып жатқан көп қабатты тұрғын үйлердің апатты жағдайда екенін айтса, енді біреулері өздерін жұмысқа орналастыру, сондай-ақ, жеке сауалдарын алға тартты.
Ұлы Отан соғысының ардагері Қайырбек Хасенов өзі тұрып жатқан тұрғын үйдегі лифтті қайтадан іске қосуға өтініш білдірді. Сандықтау ауданынан келген жеке кәсіпкер Юрий Шишкин Жақсы ауданында мал бордақылау алаңын ашуға қажетті жер бөліп беру мәселесін шешуді сұрады. Бұл орайда, С.А.Дьяченко шағын және орта бизнесті дамытудағы Елбасының алға қойған міндеттеріне сәйкес облыс өңірінде белгіленген тапсырмаларды алға тартып, мал бордақылау алаңын ашу аса қажетті әрі маңызды іс екендігін атап көрсетіп, нақтылы көмек болатындығын айтты.
Қабылдау барысында Көкшетау қаласының әкімі Мұнарбек Батырханов пен «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Шойкин де азаматтардың кейбір мәселелерін шешу тұрғысындағы өз көзқарастарын білдіріп, жауаптарын айтып отырды.
Азаматтарды қабылдау барысында С.А. Дьяченко әрбір өтініш-тілектердің аяқсыз қалмайтындығын, олардың дұрыс шешілуі ұдайы бақылауда болатындығын жеткізді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі