Ақмола облысының әкімі Сергей Дьяченко Медицина қызметкері күні қарсаңында облыстық аурухана аумағында медицина қызметкерлері аллеясының ашылу салтанатына қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
Ақмола облыстық мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасы ұжымының бастамасымен негізі осыдан үш-төрт жыл бұрын қаланған бұл аллеядағы ағаштардың алды қазір анадайдан көз тартып, жап-жасыл күйі жайқалып тұр. Биылғы көктемде жаңадан тағы да 500 түп әртүрлі ағаш көшеттері отырғызылып, бұл аллея одан әрі ұзартыла түсті. Ішінде жаяу жүргіншілер үшін асфальтталған жол салынып, орындықтар қойылып, аллея ауруханадағы науқастар мен оларға келетін көпшіліктің әңгіме-дүкен құрып, бой сергітетін,серуендейтін қолайлы орнына айналды.
Осы төңірекке көрік пен сән беріп тұрған жаңа аллеяның көгілдір лентасын қию құрметіне облыс әкімі Сергей Дьяченко және облыстық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары, Көкшетау қаласының құрметті азаматы Болат Жанәділов ие болды.
–Облыс орталығын көркейтіп, ажарландыруға өз үлестерін қосып отырған дәрігерлер қауымына рахмет. Бұл көпке үлгі боларлық іс. Халық демалатын осындай шағын аллеялар мен демалыс орындары қала орталығында ғана емес, оның шеткі аудандарында да көбейтіле түсуі тиіс, – деді өзінің сөйлеген сөзінде облыс әкімі.
Салтанатты шарада еңбек ардагері Альберт Сейдахметов сөз алып, жиналғандарға өзінің жүрекжарды тілегін жеткізді. Жастар атынан Көкшетау медицина колледжінің студенті Жанат Досқожин сөз сөйлеп, күні ертең аға ұрпақтың осынау өнегелі істерін өздерінің де лайықты жалғастыра түсетіндіктерін жеткізді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі