Ақмола облысының әкімі Сергей Дьяченко Медицина қызметкері күні қарсаңында «Көкшетау» мәдениет сарайында бейсенбі күні өткен салтанатты жиынға қатысып, сала қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтап, халық денсаулығын қорғау жолындағы қажырлы еңбектері үшін шынайы алғысын білдірді.
–Биылғы Медицина қызметкерінің күні тәуелсіздігіміздің 20 жылдық торқалы тойы өтетін мерейлі жылы аталып отыр. Бұл баршамызға үлкен жауапкершілік жүктейді. Елбасының Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында денсаулық сақтау саласының алдына зор міндеттер қойылғандығы белгілі. Еліміз бойынша 2013 жылы біртұтас ұлттық денсаулық жүйесін енгізу аяқталатын болады. Біз облыста осы маңызды істің ойдағыдай жүзеге асуына бар күш-жігерімізді аянбай, уақыт талабымен бірге қимылдауымыз керек. Өткен жылы өңірде ана өліміне жол берілмеді. Менің сайтымда дәрігерлерге арыз-шағымдардың аз түсетіндігі де қуантпай қоймайды. Алда да осы беттеріңізден таймаңыздар, – деді облыс әкімі өз сөзінде.
Бұдан кейін С.А.Дьяченко бір топ медицина қызметкерлеріне «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төс белгісін және «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі» төс белгісі мен облыс әкімінің Алғыс хатын тапсырды. Еңбек қауіпсіздігі бойынша өткізілген республикалық байқауда жеңіске жеткен №1 Көкшетау қалалық ауруханасына Қазақстан Республикасы кәсіподақтар федерациясының дипломы мен ақшалай сыйлығы табыс етілді.
Салтанатты жиында облыстық мәслихаттың хатшысы Өмірсерік Мұсабаев, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Серік Аяғанов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Қасымжан Тәшіметов, облыстық денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Кенел Жанов, денсаулық сақтау саласының ардагері Тұрсын Бекенов, жас маман, дәрігер-ревматолог Марина Жабинец сөз сөйлеп, облыс медицина қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтай келе, қиын да ізгі мамандық иелеріне еңбекте жаңа табыстар тіледі.
Бұл күні облыс денсаулық сақшылары атына айтылған ал-ғыс та, көрсетілген құрмет те аз болған жоқ. Бір топ озат медицина қызметкерлері облыстық мәслихаттың Алғыс хаттарына, «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағының үздігі» төс белгісі мен ақшалай сыйлығына ие болса, «Мамандығы бойынша үздік» аймақтық конкурсының жеңімпаздары да «Үздік дәрігер», «Үздік ауыл дәрігері», «Үздік санитарлық дәрігер», «Үздік провизор», «Үздік мейірбике» аталымдары бойынша бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ал, облыстық денсаулық сақтау қызметкерлері спартакиадасында жеңімпаз атанған №1 Көкшетау қалалық ауруханасы мен екінші, үшінші жүлделі орындардан көрінген Бурабай аудандық орталық ауруханасы және Ақмола облыстық ауруханасының ұжымдарына арнайы кубок пен дипломдар тапсырылды.
Әсерлі өткен салтанатты жиын соңы облыс көркемөнерпаздарының Медицина қызметкері күніне арналған мерекелік концертіне ұласты.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі