Көкшетауда бүгін облыстық мәслихаттың кезектен тыс отыз төртінші сессиясы болып өтті. Сессияның жұмысына облыс әкімі Сергей Дьяченко қатысып, қорытынды сөз сөйледі.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан
Назарбаевтың Жарлығымен 2011 жылғы 19 тамызға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын сайлау тағайындалғаны белгілі. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық Заңға сәйкес Сенат депутатына кандидаттар ұсыну өзін-өзі ұсыну тәртібімен, сондай-ақ, облыстық, қалалық, аудандық мәслихаттардың сессияларында жүзеге асырылады. «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының депутаттық фракциясына кіретін облыстық мәслихаттың бір топ депутаттары Сенат депутатына кандидат ұсыну жөніндегі сессияның қарауына осының алдында партияның облыстық филиалының саяси кеңесі мақұлдаған Жабал Ерғалиұлы Ерғалиевтің кандидатурасын ұсыну жөнінде ұсыныс енгізді. Облыстық мәслихаттағы «Нұр Отан» ХДП депутаттық фракциясының төрағасы Сағынтай Елубаев депутаттарды кандидаттың өмірбаянымен таныстырды.
Жабал Ерғалиұлы Ерғалиев 1952 жылы 30 қазанда Көкшетау облысының Чкалов ауданының Қарағаш ауылында дүние-ге келген. Журналист, публицист, жазушы, драматург, қоғам
қайраткері. ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірген. 1973 жылы өзінің журналистік қызметін облыстық «Көкшетау правдасы» газетінде кіші әдеби қызметкер болып бастады. Осы газетте тілшіліктен бас редактордың орынбасарына дейінгі жолдан өтті. 2005 жылдың қаңтарынан облыстық «Арқа ажары» газетінің бас редакторы болып қызмет атқарады. 1982 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының және Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен мемлекет алдындағы сіңірген еңбегі, еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан елеулі үлесі үшін екі мәрте Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен, «Қазақстан Республикасы Конституциясының 10 жылдығы», «Астананың 10 жылдығы» медальдарымен марапатталды. Алматы облысы Қарасай ауданының құрметті азаматы. Кандидат – «Нұр Отан» ХДП Ақмола облыстық филиалы саяси кеңесінің, партиялық бақылау комиссиясының мүшесі, партияның облыстық филиалының сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңесінің төрағасы. Халық депутаттары Көкшетау қалалық кеңесінің депутаты болып сайланған. 2007 жылы Ақмола облыстық мәслихатының депутаты болып сайланды. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 2007 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді.
Шешен кандидаттың журналистік, әдеби, қоғамдық, партия-лық қызметін жоғары бағалап, депутаттарды Жабал Ерғалиевтің кандидатурасын қолдауға шақырды. Ұсынылған кандидатураны қолдап, облыстық мәслихаттың хатшысы Өмірсерік Мұсабаев, Бурабай аудандық «Луч» газетінің редакторы, облыстық мәслихаттың депутаты Степан Авдеюк сөз сөйледі. Олар кандидатты өз Отанының шынайы патриоты, облысты дамытудағы міндеттер мен проблемаларды жақсы білетін принципшіл және адал адам ретінде сипаттады.
Дауыс берудің нәтижесінде сессияда Ақмола облыстық мәслихатынан Жабал Ерғалиұлы Ерғалиевті Қазақстан Республикасының Парламенті Сенатының депутатына кандидат етіп ұсыну туралы шешім қабылданды.
Өзінің жауап сөзінде облыстық мәслихаттың депутаты, облыстық «Арқа ажары» газетінің бас редакторы Жабал Ерғалиев өзіне көрсетілген сенім үшін алғысын білдірді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі