Облыс орталығындағы «Бурабай» спорт кешенінде Көкшетау қаласы бойынша мектеп бітірушілердің салтанаты болып өтті. Көңіл толқытарлық бұл салтанатқа облыс әкімі Сергей Дьяченко қатысып, жас түлектерге сәт-сапар тіледі.
–Барлық мектеп бітірушілерді бүгінгі қуаныштарыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Мектеп қабырғасындағы 11 жыл ішінде сіздер көп нәрсеге үйрендіңіздер, – дей келіп облыс әкімі С.А.Дьяченко елімізде білім беруді жетілдірудің өзекті мәселесі Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қамқорлығынан ешқашан шет қалып көрмегендігін атап көрсетті.
Елбасының Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауына сәйкес республика бойынша 2015 жылға дейін республикалық бюджеттің есебінен кем дегенде 200 мектеп салынбақшы. Ақмола облысы бойынша 23 жалпы білім беру мектептері салынып, іске қосылатын болады.
Ақмола облысы бойынша биыл 5711 оқушы орта мектепті бітіріп шықты. Олардың 4421-і ұлттық бірыңғай тест тапсырды. Халықаралық интеллектуалдық жарыстарға қатысқан 24 оқушы ҰБТ-дан босатылса, 180 оқушы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысудан бас тартты.
Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша ең жоғары балға Атбасар ауданындағы №1 орта мектептің оқушысы Айман Серікбай мен Назарбаев зияткерлік мектебінің түлегі Күнсұлу Бекіш қол жеткізді. Олар 125 сұрақтың 124-іне дұрыс жауап берді. Сондай-ақ, Степногорск қаласындағы «Болашақ» дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың оқушысы Жанна Құснидинова 123 балл жинады.
Көкшетау қаласындағы гуманитарлық-техникалық лицей оқушысы Әсел Омарова да 123 балл алды. Ал, №5 «Таңдау» мектеп-гимназиясының оқушысы Бибігүл Мұстафина, №6 орта мектептің оқушысы Перизат Бектасова және Әйгерім Нұрқановалардың әрқайсысы 121 балдан жинады.
Ерекше бір толғанысты ерке көңілмен жадыраған жас түлектердің өмірдегі жолы болсын деп тілер едің осы сәтте. Ия, жолдарың болсын! Тәуелсіз Қазақстанның арлы да намысты, табысты азаматтары
болуға жазсын.
Осындай көңіл толқытарлық кештер облыстың барлық мектептерінде болып өтті.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі