Облыс әкімі Сергей Дьяченко Зеренді селосында қоныстанушыларға 21 пәтерлік жаңа үйдің пәтер кілттерін салтанатты жағдайда тапсыра келе, ел тәуелсіздігі мен Елбасының сындарлы саясатының арқасында облыс тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жақсарып келе жатқанын атап өтіп, пәтер иелеріне шаңырақтары биік, босағалары берік болсын деген жүрекжарды тілегін білдірді.
Сондай-ақ, аудан тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға белсене ат салысып жүрген аудан әкімі Ербол Сағдиевке және үйдің құрылысын сапалы жүргізген «Элеватормельмонтаж» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Владимир Плюшкоға алғысын білдірді. Өңір басшысы жаңа пәтердің кілтін медицина қызметкерлеріне, мемлекеттік қызметкерлерге, әлеуметтік жағынан аз қамтылған тұрғындар мен Ұлы Отан соғысының ардагері Сұңғат Жолымбаевқа тапсырды. Жаңа үйдің тұрғындары атынан аудандық орталық аурухананың дәрігері Жанар Сахова мен Анджела Юрикова сөз сөйлеп, өздерінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартқан аудан әкімі Ербол Сағдиевке шын жүректен алғыстарын білдірді.
Ұлы Отан соғысының ардагері Сұңғат Жолымбаев ақ батасын бергеннен кейін жаңа үйдің көк лентасы қиылып, шашу шашылды. Облыс басшысы жаңа үйдің пәтерлерін аралап көріп, қоныстанушылардың қуаныштарымен бөлісті.
Облыс әкімі Сергей Дьяченко аттың басын Зеренді көлінің жағасында орналасқан 30 орындық «ЗеренTUR» қонақ үйі кешеніне бұрды. Мұнда қазір қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. «Есіл» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы басқармасының басшысы Саябек Қанахиннің айтуынша, бұл демалыс үйінің ғимараты 10 жыл бойы иесіз тұрған. Кешен шілде айының соңында тапсырылып, Ақмола облысында туризмді дамыту бағытында қызмет етпекші.
Облыс әкімі Сергей Дьяченко Зеренді селосы шетіндегі орман бауырында салынатын жекеменшік тұрғын үйлердің жобасымен танысты. Мұнда әр коттедждің бағасы 63 мың долларға бағаланған шағын аудан тұрғызылмақшы. Шағын ауданға аурухана, балабақша және мектеп алыс емес.
Өңір басшысы қайтадан қалпына келтіріліп жатқан футбол стадионында болып, жұмыс барысымен танысты. Футбол алаңына құны 12 миллион теңге тұратын жасанды шөп төселмекші. Мұндағы жұмыстар 3 аптаның ішінде аяқталады. Футбол стадионының жанында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде. Бүгінгі күні 2 ангар салынып, биіктігі 9 метр спорт залдың қабырғалары тұрғызылған. Астаналық «Жолдаман» серіктестігі басшыларының айтуынша, бұл кешен жыл соңында пайдалануға беріледі.
Облыс әкімі Сергей Дьяченко «Зеренді астық қабылдау кәсіпорны» серіктестігінде болып, су жаңа шет елдік астық тиегіш жабдықтардың жұмысымен танысты. Кәсіпорын алаңында астықты кептіріп, сақтайтын он ыдыс орналасқан. Әрқайсысында 460 тонна астық сақталады. Мұнда бұрынғы тас қоймалар да пайдаланылады. Жалпы, кәсіпорын бір маусымда 42 мың тонна астық сақтай алады. Электр кептіргіштер астықтың ылғалын 3 пайызға дейін төмендетеді. Биыл Зеренді ауданында шөп жақсы шықты. Аудан бойынша 160 мың тонна шөп дайындалады деп жоспарлануда. Облыс басшысы жемшөптің 1,5 жылдық қорын жасап, облыс бойынша 1 миллион 700 мың тонна шөп әзірлеу қажеттігін атап өтті.
Облыс басшысы М.Ғабдуллин селосының іргесінде орналасқан «Щучинск сүт зауыты» серіктестігінің еттік бағыттағы асыл тұқымды ірі қара мал шаруашылығында болып, жұмыс барысымен танысты. Қазір мұнда мұхиттың арғы жағынан әкелінген асыл тұқымды 776 бас ірі қара мал күтіліп, бағылуда. Үстіміздегі жылы олар төлдеп, мал саны 1300 басты құрады. Жалпы, мұнда «Герефорт» және «Ангус» тұқымдас малдың санын 2500 басқа дейін жеткізу жоспарланған. Отыз шақты бұқа әкелініпті. Ол үшін қосымша мал төлдету бөлімшесі, жемшөп цехы, ангарлар салынбақшы. Облыс әкімі карантинде тұрған асыл тұқымды ірі қара малды да аралап көрді.
Облыс әкімі Сергей Дьяченко Желтау тауының етегіндегі жер асты суын бөтелкеге құю цехының құрылысы басында болды. «Наир» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басшысының айтуынша, судың химиялық құрамы Алматы қаласындағы денсаулық сақтау және курортология мекемелерінде тексеріліп, оң бағаға ие болған. Мұндағы 75 метр жер астындағы көл суы өзінен-өзі тәулігіне 24 тонна ағып жатыр.
Кәсіпкер алдағы уақытта тәулігіне соның 20 тоннасын 5 және 19 литр бөтелкелерге құюды жоспарлап отыр. Әзірше цехтың іргетасы қаланыпты. Мұнда жұмысшылар үшін барлық жағдай қарастырылған. Цех пайдалануға берілгенде 12 адам жұмыспен қамтылмақшы.
Облыс әкімі Сергей Дьяченко ауданда атқарылып жатқан игілікті істерге оң бағасын беріп, жұмыстың осы бағытта одан әрі жеделдетіле түсетініне сенімін білдірді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі