Облыс әкімі Сергей Дьяченко жұмыс сапарымен Сандықтау ауданында болып, Балкашин селосындағы 20 орындық қоғамдық моншаның құрылыс барысымен танысты. Ағаштан салынып жатқан екі қабатты моншаның құрылысын жеке кәсіпкер Бағлан Сәдуақасов өз қаржысына салуда. Бұл жобаның құны 8 миллион теңгені құрайды. Монша үстіміздегі жылдың соңында пайдалануға беріліп, жеті жұмыс орны ашылмақшы.Өңір басшысы жеке кәсіпкер Владимир Макушкиннің шаштаразында болып, осындағы шаштаразшылармен емін-еркін әңгімелесті.
Шаштараз былтырғы жылдан бері Балкашин тұрғындарына қызмет көрсетіп, көпшіліктің алғысына бөленіп келеді. Сондай-ақ, бұл ғимаратта компьютерлік қызмет көрсету бойын-ша сервистік орталық пен нотариалдық кеңсе орналасқан.
Бұдан кейін облыс әкімі Сергей Дьяченко жеке кәсіпкер Юрий Шишкиннің балық консервілерін өндіретін цехында болды. Мұнда арнайы қондырғылар орнатылған. 30 тонна өнім сыятын екі тоңазытқыш бөлмесі бар. Бұл цех тәулігіне 2-3 тонна өнім шығарады. Ірі қара мал, шошқа және құс еттері де консервіленеді. Тәулігіне бұл өнімнің 1 мың бәнкесі өндіріліп, Астана, Көкшетау, Қарағанды және Балқаш қалаларында сатылады. Сондай-ақ, кәсіпкердің дүкенінде Балқаш көлінен ауланған балықтың түр-түрі сатылады. Жалпы мұнда 11 адам еңбек етіп, 25-30 мың теңге көлемінде еңбекақы алады. Облыс басшысы бұл кәсіпкерді жан-жақты қолдау қажеттігін аудан әкімдігіне тапсырды.
Облыс басшысы Балкашин селосында салынған екі пәтерлі үш тұрғын үйді аралап көрді. Мұндағы үш бөлмелі әр пәтердің ауданы 75 шаршы метрді құрайды. Су құбырлары мен канализация жүйесі тартылады деп жоспарланған. Әзірше, бөлінген 24 961,5 мың теңгенің 13053,6 мың теңгесі игеріліпті. Өңір басшысы бөлмелерді аралап көріп, құрылыс сапасына көңілі толмайтынын айтты.
Облыс әкімі Сергей Дьяченко «Каменка и Д» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егістік алқаптары мен мал қораларын аралап көрді. Алексей Жейранов басқаратын бұл серіктестік биыл алғаш рет кендір майлы дақылын өсіруді қолға алған. Мал қораларында асыл тұқымды ірі қара мал мен жылқы күтіліп, бағылуда. Өңір басшысы Каменка орта мектебі қасындағы «Қарлығаш» шағын орталығында болып, тыныс-тіршілігімен танысты. Орталық өткен жылдың мамырынан бастап жұмыс істеп келеді. Мұнда 30 бала тәлім-тәрбие алуда. Олар облыс әкіміне өз өнерлерін көрсетті. Ғимараттың алды абаттандырылып, гүл мен көкөністің түр - түрі жайқалып өсіп келеді.
Облыс басшысы «Мариновка– Мәдениет – Ұлан – Каменка–Петровка» күре жолында жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу барысымен танысты. Бұл бағытқа республикалық бюджеттен 384,9 миллион теңге бөлінген. Қазір бұл жұмыстарды астаналық «АБК Автодор НС» серіктестігі жүргізуде. Үстіміздегі жылы Мариновка – Петровка күре жолының 7 шақырымына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізбекші. Өңір басшысы құрылыс басшыларына жолдың сапасына көңіл бөлуді тапсырды.
Облыс әкімі Сергей Дьяченко Ұлан ауылының Гвардейский орта мектебінде жүргізіліп жатқан күрделі жөндеудің барысымен танысты. Өткен жылы мұнда жергілікті бюджет есебінен екі бу қазандығы қойылып, жылу жүйелері жөнделді. Биыл облыстық бюджеттен 14,5 миллион теңге бөлініп, мектептің іші-сырты жөнделуде. Өңір басшысы мектептің кабинеттерін аралап көріп, көрнекті құралдардың бірқатарын ой мен мазмұны жоқ деп сынға алды. Өңір басшысы осы ауылдың фельд-шерлік мекемесінде болды. Мекеме меңгерушісі Күлбаша Кенжинаның айтуынша, мекемедегі 3 медбике күніне 10-15 адамға қызмет көрсетеді.
Облыс әкімі Ұлан ауылындағы моншаны таяу арада іске қосуды тапсырды. Сонымен бірге №12 кәсіптік-техникалық лицейде болып, алдағы уақытта жастарға кәсіби білім беруге мән беріп отырудың қа-жеттілігін атап көрсетті.
Жалпы, облыс басшысы сандықтаулықтардың бүгінгі атқарып отыр-ған жұмысына жоғары баға бере келіп, алда тұрған міндеттерді орындау жолында әлі де көп еңбек ету қажет деді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі