Облыс әкімі Сергей Дьяченконың төрағалығымен өткізілген әкімдік мәжілісінде ҚР «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» Заңының облыстағы орындалу барысы, жасөспірімдер мен жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу жөнінде облыс бойынша атқарылып жатқан шаралар туралы мәселелер қаралды.
Соңғы жылдары тілдерді дамытуға мемлекет тарапынан шынайы қамқорлық жасалып келеді. Бір ғана мысал облысымызда тілдерді дамытудың 2009-2010 жылдарға арналған бағдарламасын жүзеге асыруға облыстық бюджеттен 53 миллион 887 мың теңге қаржы бөлінді. Ал, биыл бұл қаржының көлемі 60 миллион 575 мың теңгеге жетті.
–Ақмола облысы бойынша мемлекеттік тілді оқып-үйренуге барлық жағдай жасалып отыр, – деді әкімдік мәжілісінде баяндама жасаған облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастығы Ғосман Төлеғұл.
– Мемлекеттік тілді оқыту орталығы жұмыс істейді. 2008-2009 жылдары 1160 тыңдаушының арасынан 170 мемлекеттік қызметші сертификат алып шықса, 2009-2010 оқу жылдарында 110 топтағы 935 тыңдаушының арасынан 232 мемлекеттік қызметші сертификатқа ие болды. Мемлекеттік тілді оқыту орталықтары Көкшетау, Степногорск қалаларында, Атбасар, Ақкөл, Бұланды, Бурабай, Егіндікөл, Сандықтау, Шортанды, Жақсы, Зеренді аудандарында жұмыс істейді.
Әкімдіктің күн тәртібіндегі екінші мәселе – жасөспірімдер мен жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу жөнінде облыс бойынша атқарылып жатқан шаралар туралы Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының статистика және арнайы есепке алу комитеті Ақмола облысы бойынша басқармасының бөлім бастығы А.Жанәділова хабарлама жасады.
–Соңғы уақытта жасалған сараптама көрсетіп отырғанындай жас-өспірімдердің әсіресе, мектеп оқушылары арасында бопсалаудың жиі кездесе бастағандығы алаңдатады,–деді өз сөзінде А.Жанәділова.
–2011 жылдың наурыз айында Целиноград ауданының Воздвиженка ауылдық мектебі оқушылары арасында осындай өрескелдікке жол берілгендігі анықталды. Осы мектептің жоғары сынып оқушылары ешкімнен қаймықпастан мұғалімдер мен ата-аналардың көзінше бастауыш сынып оқушыларын бопсалап, күшпен ақша алумен айналысқан. Және де бір таңқаларлық жағдайы сол, олар сол ақшаны ауылдың ересек тұрғындарына беріп отырған. Қылмыстық іс қозғалып барып, жағдай оңалғандай болды.
Міне, осының өзі балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқықтық тәрбие жұмыстарының сылбыр жүргізіліп жатқанын көрсетеді. Құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылмаған. Жұмыссыз жастардың бар екендігі жасырын мәселе емес. Әсіресе, Атбасар, Шортанды, Зеренді, Есіл аудандары мен Көкшетау, Степногорск қалаларында жұмысқа орналаса алмай жүрген жастардың үлес салмағы басым болып отыр.
Прокурорлық тексеріс қорытындылары бойынша айтар болсақ, кәмелетке толмаған жастар арасында тәрбие жұмыстары ұйымдастырылмайтынын көрсетіп отыр. Мұның өзі қылмыс жасаушы жасөспірімдердің қатарының көбеюіне әкеліп соғып жүр. Биылғы жылдың бес
айында полиция органдары 1151 кәмелетке толмаған жастарды ұстады. Солардың 445-і спирттік ішімдіктер ішіп, қолға түсті. Кәмелетке толмағандар 209 қылмысқа жол берді. Ақкөл, Атбасар, Есіл, Ерейментау, Зеренді аудандарында осы топтағы жастар арасындағы қылмыс көбеймесе, азайған жоқ. Көкшетау және Степногорск қалаларында да жағдай мәз емес. Қылмыс жасаушы кәмелетке толмаған жастардың көпшілігі мектептер мен колледж оқушылары болып келеді. Басым көпшілігі алкогольдік ішімдік ішкеннен кейін барып қылмысқа ұрынып отырған.
Әлі де болса алкогольді өнімдерді сату жөніндегі тәртіп толық орындалмайды. Жүзден астам оқу мекемелерінің жанында спирттік өнімдер сататын дүкендер мен дүңгіршектер жұмыс істеп тұр.
Кәмелетке толмағандар арасындағы мәдени ұйымдастырушылық жұмыстардың жүргізілмеуі, жасөспірімдердің бос уақыттарын мақсатсыз өткізетіндіктерін дәлелдеп отыр. Ауылдық жерлерде клубтар жұмыс істемейді. Сонымен бірге, маскүнемдіктің, нашақорлықтың зияны жөнінде үгіт-насихат жұмыстары босаңсып кеткен. Салауатты өмір салтын орнықтыру жөніндегі жұмыстарға әлі де болса жергілікті жерде мән берілмей келеді.
Облыс әкімі С.А.Дьяченко өзінің қорытынды сөзінде қаралып отырған екі мәселенің де аса маңыздылығын атап көрсетті. Тілдерді дамытудың барлық жағдайын тиімді пайдалану керек. Бұл арада көз бояушылыққа жол беруге болмайды. Барлық тілдердің тең құқылығын қамтамасыз етуге тиістіміз, ал, енді жасөспірімдер мен жастар арасындағы жұмысты ширату маңызды мәселенің бірі. Тәрбие жұмысын күн тәртібінен түсіруге болмайды. Біз бүгінгі күні өсіп келе жатқан ұрпағымызды тәрбиелеумен бірге өзіміздің болашағымызды қалыптастырып жатқандығымызды ұмытпайық.
Әкімдік мәжілісінде қаралған мәселелер бойынша тиісті қаулылар қабылданды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі